Түркістан облысы орман шаруашылығы мен көгалдандыру саласында республикада көшбасшылық көрсетіп келеді. Қазіргі таңда өңірде 3 млн 472 мың гектар мемлекеттік орман қоры бар, бұл облыстың аумағының 30%-ын құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, 110,2 мың гектарға 170 млн ағаш көшетін отырғызу көзделген.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және егілген көшеттерді күтіп-баптау шараларын күшейту мәселелері талқыланды. Әкімнің айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстарындағы кемшіліктер жыл соңына дейін жойылмаса, аудан және қала әкімдерінің жауапкершілігі қаралатыны ескертілді. Сонымен қатар, күзгі маусымда көшеттерді отырғызуға қажетті орындарды алдын ала дайындау, суғару жүйелерін қосу және жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.
Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында облыс көлемінде жалпы 2 млн 736 мың түп көшет егілген. Биылғы жылы аудан және қалаларға 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр. Көктемгі маусымда тұқымбақтардан 439 мыңнан астам көшет босатылып, қосымша 69 мыңнан астам көшет бюджет пен демеушілер есебінен алынған. Нәтижесінде көктемде жалпы 509 839 түп көшет егілді.
Орман тұқымбақтарының саны мен сапасы да жылдан-жылға артты. Өңірде жалпы көлемі 342 гектарды құрайтын 21 орман тұқымбағы бар, онда 17 түрлі көшет өсіріледі. Өткен жылы 30 миллионнан астам көшет өсірілген болса, биыл бұл көрсеткіш 35 миллионға жетеді деп жоспарланып отыр. Түркістан облысы көшет өндіру көлемі, сапасы және түрлерінің әртүрлілігі бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.
Алайда кейбір аудандарда көшеттердің өнімділігі төмен. Арыс, Түркістан қалалары мен Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарында көшеттердің өнімділігі жоғары болса, Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар және Жетісай аудандарында суару мен қоршау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Мұндай кемшіліктерге жол берген әкімдіктерге нақты ескерту берілді.
Биыл егілетін көшеттердің көлемі мен түрлерін нақтылау үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, аудандарды аралау жұмыстары жүргізілді. Көшеттерді босатуда әр ауданның климаттық ерекшеліктері ескерілді. Қажет болған жағдайда қосымша сұранысты толық қамтамасыз ету мүмкіндігі де қарастырылған.
Түркістан облысының орман шаруашылығындағы ауқымды көшет өндіру жұмыстары – тек табиғатты қалпына келтіру емес, сонымен қатар өңірдің экологиялық имиджін жақсартып, әлеуметтік және экономикалық салаларды дамытуға тың серпін беретін стратегиялық бастама болып табылады.
