Түркістан облысы бүгінде ел экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары өңірдің инвестициялық әлеуеті айтарлықтай артты. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік кеңейді.
Экономикалық өсімнің басты көрсеткіштерінің бірі – тартылған инвестиция көлемі. Соңғы жеті жылда Түркістан облысына салынған инвестиция көлемі 4,2 есеге өсіп, 1 трлн 335 млрд теңгеге жетті. Бұл – өңір экономикасының тұрақты дамуы мен бизнеске деген сенімнің нақты дәлелі.
Тек биылдың өзінде жыл басынан бері 387,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке сектор үлесі – 199,3 млрд теңге, ал бюджеттік инвестициялар – 128,7 млрд теңге көлемінде жүзеге асқан. Бұл көрсеткіштер өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлгісінің тиімділігін және жеке капиталдың белсенді қатысуын айқындайды.
Айрықша атап өтерлігі, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 144 млн АҚШ долларына жетіп, жылдық жоспар 245 пайызға артығымен орындалды. Бұл – Түркістан облысының халықаралық деңгейде сенімді және тартымды әріптеске айналғанының айқын көрінісі. Әлемдік инвесторлар өңірдің географиялық қолайлы орналасуын, логистикалық әлеуетін және тұрақты даму қарқынын жоғары бағалап отыр.
Түркістан облысында инвестициялық климатты жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізіліп, бюрократиялық кедергілер азайтылған. Сонымен қатар, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда бизнеске қажетті инфрақұрылым дайындалған.
Инвестиция тарту тек өндіріс пен құрылыс салаларында ғана емес, туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік-логистика бағыттарында да жүзеге асып келеді. Бұл аймақ экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Түркістан облысы бүгінде инвесторлар үшін сенімді серіктес, жаңа мүмкіндіктер мекені. Алдағы уақытта да өңірде инвестициялық саясатты жетілдіру, шетелдік және отандық капиталды тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
Тұрақты даму, ашық экономика және инновациялық бағыт – Түркістанның жаңа экономикалық болашағын айқындайтын басты факторлар.
