Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті мен қолжетімді мүмкіндіктері таныстырылып, инвесторларға облысқа арнайы келгені үшін алғыс білдірілді.
Облыс әкімі Түркістанның стратегиялық артықшылықтарын атап өтті:
- Еңбек ресурстарының тұрақтылығы: өңірде еңбекке қабілетті тұрғындардың үлесі 33,7% деңгейінде, бұл инвесторлар үшін тұрақты кадрлық әлеуетті қамтамасыз етеді.
- Транзиттік әлеует: Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85%-ы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы өтеді. Сонымен қатар, Қытайдағы Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы және Сианьдағы құрғақ порт өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.
- Инфрақұрылым мен индустриалды алаңдар: инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар, шағын өнеркәсіптік парктер және арнайы экономикалық аймақ арқылы жеңілдетілген шарттармен ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндіктері ұсынылады.
– «Түркістан облысында инвестициялық ахуал өте қолайлы. Маңызды жобаларды сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейту», – деді Н.Көшеров, 20-дан астам инвестор мен компания басшыларымен жүргізілген келіссөз барысында.
G2B форматында өткен кездесуде Қытайдың бірнеше провинциясының басшылығы мен инвесторлары ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс салалары бойынша ұсыныстарын жеткізіп, күн және су электр станцияларын салу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім саласында әріптестік орнату және өзге жобалар бойынша пікірлерін айтты. Әрбір ұсыныс мұқият зерделеніп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Түркістан облысында инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейту басымдыққа алынған. Облыстың инвестициялық жоспарына сәйкес:
- 2025–2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасады;
- Жобалар іске асса, 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады;
- Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылды;
- Қазіргі уақытта 34 инвестжоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды;
- 10 айдың қорытындысымен облыс капиталына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылды;
- 2025 жылға 475 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары бекітілген, ал II тоқсанның қорытындысында бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының жоғары деңгейде екенін және өңірдің экономикалық дамуды жеделдетуге дайын екенін айқын дәлелдейді. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар, стратегиялық орналасу және еңбек ресурстары – өңірді Қазақстандағы негізгі инвестициялық хабтардың біріне айналдырады.
