ТҮРКІСТАН – БИЗНЕС ҮШІН ТАРТЫМДЫ ӨҢІР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев өңірде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту бағытында кездесу өткізді. Басқосуда кәсіпкерлікті дамыту, қолдау бағдарламаларының тиімділігін арттыру және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.

Облыс басшысы Түркістанның тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы өңір болуы қажеттігін ерекше атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – Түркістан облысын кәсіпкерлік үшін тартымды, қолайлы әрі сенімді аймаққа айналдыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономикалық өсімнің негізгі тірегі – шағын және орта бизнес. Бұл ретте «Даму» қоры бизнесті қолдаудың тиімді құралы болып табылады. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді Н.Көшеров.

Қазіргі таңда облыста 216 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан республика көлемінде алғашқы үштікке енеді. Тек 2024 жылдың өзінде кәсіпкерлерге 699 жоба аясында 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие, сондай-ақ 701 жобаға 60,6 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген.

Биылғы жылдың жеті айында 181 жоба қаржыландырылып, жалпы сомасы 22,8 млрд теңгені құрады. Оған жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге, республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге бағытталған. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына нақты серпін беріп отыр.

Кездесу барысында «Өрлеу» бағдарламасының іске асу барысы да талқыланды. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім және денсаулық сақтау салаларындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін бағдарлама аясында 750 млрд теңге бөлінеді, оның 300 млрд теңгесі – мемлекеттік қаражат, ал 450 млрд теңге – екінші деңгейлі банктердің қаржысы.

Түркістан облысы бойынша бүгінде 14 жоба 8,5 млрд теңге көлемінде мақұлданып, іске асырылуда. Бұл көрсеткіш – өңірде бизнес климаттың қолайлы екенін айғақтайды.

Алдағы уақытта аймақта кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру, инвесторлармен өзара байланыс орнату және бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу жұмыстары жалғасады.