Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында халықтың өмір сапасын арттыру, ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мен медициналық қызметтің қолжетімділігін күшейту – басты басымдықтардың бірі болып табылады. Осы бағытта Түлкібас ауданында да маңызды жобалар жүзеге асуда. Биыл аудан тұрғындары үшін ерекше қуанышты жаңалықтардың бірі – Қызылбастау ауылы мен Азаттық елді мекенінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жобалар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асуда. Көп жылдан бері жергілікті тұрғындардың басты сұраныстарының бірі – сапалы медициналық қызметке қолжетімділік еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қызылбастау ауылында жаңа медициналық тірек, ал Азаттық ауылында акушерлік-амбулаториялық пункт бой көтеріп жатыр. Қазіргі таңда нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын, мердігер компания өкілдері ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл екі медициналық мекеме іске қосылған соң мыңдаған тұрғын сапалы алғашқы медициналық көмек пен профилактикалық қызметтерге өз ауылынан-ақ қол жеткізе алады. Аудан әкімі Асқар Естібаев құрылыс барысын өз бақылауында ұстап отыр. Ол аудан әкімінің орынбасары, аудандық аурухананың бас дәрігері және сала мамандарымен бірге нысандарды аралап, жұмыс сапасын тексерді. Бақылау барысында анықталған бірқатар техникалық кемшіліктер бойынша мердігерлерге нақты тапсырмалар беріліп, ең алдымен сапа мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы ескертілді.Түркістан облысында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Тек соңғы екі жылда өңірде 80-ге жуық ауылдық медициналық пункттер мен амбулаториялар салынды. Бұл жобалар мемлекеттік және жергілікті бюджеттердің, сондай-ақ ұлттық бағдарламалардың аясында қаржыландырылып отыр. Түлкібас ауданы да бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеп келеді. Қазіргі таңда аудан аумағында медициналық тірек пен амбулаторияны қажет ететін жеті елді мекен бар. Олар – Майтөбе, Жанұзақ, Еңбек, Ұрбұлақ, Пістелі, Иірсу және Дәубаба ауылдары. Аудан әкімдігі бұл елді мекендерде де кезең-кезеңімен медициналық нысандар салуды жоспарлап отыр. Жаңа медициналық пункттердің ашылуы – тек денсаулық сақтау саласындағы жетістік емес, сонымен бірге ауылдық инфрақұрылым мен адам капиталын дамытудағы маңызды қадам. Мұндай жобалар тұрғындардың ауылдан қалаға көшу үрдісін азайтып, ауылдағы өмір сапасын жақсартады. Түлкібас ауданында жүзеге асырылып жатқан осы және өзге де әлеуметтік жобалар Түркістан облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ «Халықтың өмір сапасын жақсарту және тең мүмкіндіктер жасау» бағытына нақты үлес қосып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
