СЫЗҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ КЕШЕНДІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Созақ ауданының Сызған ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүзеге асуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен округке келіп, тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жобалардың барысын бақылап, өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында округ әкімі Базар Жаппарқұлов биыл іске асырылған ірі жобалар мен атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.

Биыл Сызған ауылдық округінде бірнеше кешенді даму жобалары іске асып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, сәуір айында ұзындығы 13,3 шақырым болатын «КХ-110» бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы Қозмолдаққа дейін аяқталып, халыққа қолжетімді болды. Бұл жол тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетіп, ауыл шаруашылығы мен жергілікті бизнес инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Ауылдық инфрақұрылымды жақсарту аясында Қозмолдақ елді мекеніндегі футбол алаңшасы толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қ.Тоқмұхамедов және Ж.Дәуітбаев көшелерінде ұзындығы 2,3 шақырым жаңа аяқжол төселіп, жаяу жүргіншілер үшін қолайлы орта құрылды. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жаңа ойын алаңшалары орнатылып, Қозмолдақтағы Қ.Рүстемов көшесінде ересектерге арналған воркаут алаңы ашылды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қайнар елді мекеніндегі Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне жалпы ұзындығы 7,9 шақырым асфальт төселіп, ауылішілік жолдардың сапасы айтарлықтай артты. Көшелерді жарықтандыру бағытында да ілгерілеу бар: Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жалпы ұзындығы 12,9 шақырым көше шамдары орнатылды.

Спорт инфрақұрылымын дамытуда да маңызды қадамдар жасалуда. Қозмолдақ ауылында жабық үлгідегі футбол алаңы салынды және пайдалануға берілді. Сонымен бірге округ аумағында төрт көпірдің құрылысы жүргізіліп, олар ауылдар арасындағы байланысты нығайтуға, жол қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік беруде.

Ауылдық әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмай отыр. Қазіргі таңда округ аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон құрылысы жүруде, бұл экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәдени қызмет сапасы артты.

Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныстарын ортаға салды, бірқатар азаматтар жеке мәселелері бойынша жүгінді. Аудан басшысы аталған жобалардың сапалы іске асырылуын қадағалау, тұрғындардың қажеттіліктерін назарда ұстау және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарын жалғастыру керектігін айтты.

Сызған ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан кешенді даму жобалары Түркістан облысының ауылдық жерлерінде инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және экономикалық әлеуетін көтеру бағытындағы маңызды бастамалар қатарында. Жобалар ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысымен қатар, спорт, мәдениет және жол инфрақұрылымын дамытуға ықпал етіп, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.