СОЗАҚ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Созақ ауданына «KATKO» БК ЖШС және Orano Mining компанияларының басшылығы жұмыс сапарымен келіп, 2024–2025 жылдары жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың барысын зерделеді. Іс-шараға Orano Mining аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және KATKO коммуникациялар және КӘЖ басқармасының басшысы Айнаш Шеңгелбаева қатысты.

Сапар барысында делегация алдымен Шолаққорған ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. Биыл KATKO компаниясының қаржыландыруымен мектеп корпусының сыртқы фасады заманауи металлопанельмен қапталып, ғимараттың жылу оқшаулау деңгейі айтарлықтай күшейтілді. Құны 46 млн теңгеден асқан бұл жоба нәтижесінде мектептің ішкі температуралық режимі тұрақталып, жылыту жүйесіне түсетін салмақ азайды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов бұл бастаманың теріскей өңірдегі ауыл мектептері үшін аса маңызды қолдау екенін атап, компанияға алғысын білдірді. Мектептің жаңартылған фасады мен жылу оқшаулауы білім беру сапасын арттыруға, оқушылар мен педагогтар үшін жайлы және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сапардың келесі нысаны – Жеткіншек мөлтек ауданында апатты деп танылған тұрғын үйдің орнына салынып жатқан жаңа 2 қабатты, 16 пәтерлі тұрғын үй болды. Бұл жоба «Жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары KATKO және «Қазатомпром-Сауран» компанияларының бірлескен қаржыландыруымен жүргізілуде: KATKO 200 млн теңге, серіктес компания 186 млн теңге қаражат бөлген. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, ал нысан жақын арада тұрғындар игілігіне беріледі. Жаңа тұрғын үйдің әр пәтері заманауи стандарттарға сай жобаланған, инженерлік жүйелері толық қамтамасыз етілген. Ауласында балалар ойын алаңшалары мен демалыс аймақтары қарастырылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалған.

Орындаушы компаниялардың әлеуметтік инвестициялары аудан инфрақұрылымын жаңартуға, білім беру және тұрғын үй саласындағы әлеуметтік нысандардың жай-күйін көтеруге елеулі үлес қосуда. Мұндай бастамалар жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық аумақтарда заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға және жергілікті экономикаға оң әсерін тигізуге бағытталған.

Әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде іске асыру арқылы KATKO мен Orano Mining компаниялары жергілікті қоғамға тұрақты қолдау көрсетіп, аудан тұрғындары үшін сапалы білім, қауіпсіз тұрғын үй және заманауи әлеуметтік қызметтерді қамтамасыз етуге үлес қосуда. Бұл шаралар Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, ауылдық аймақтардың әлеуетін арттыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.