САУРАН – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӨСІМ НҮКТЕСІНЕ АЙНАЛУДА

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді. Соның айқын дәлелі – Сауран ауданы. 2025 жылы ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 71,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105,7 пайызға артты.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды. Жиында өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, өндірістік аймақтарды дамыту және инвесторлармен жұмысты күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Инвестиция көлемін арттыру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Өндірістік аймақтар мен индустриялық алаңдарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – басты міндет. Келісілген жобалар уақытында іске аспаса, жер телімдері қайтарылатынын ескертемін, – деді Облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Сауран ауданында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Шаға», «Жүйнек», «Қарашық», «Иассы», «Үшқайық», «Қосмезгіл» және тамақ өнімдерін өндіруге бағытталған «ДәмОрда» өндірістік алаңдары құрылды. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр.

Аталған аймақтарда жалпы саны 136 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 60 ғимараттың құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары қолға алынған. Бұл – өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам.

«TURAN» АЭА – ірі жобалар шоғырланған алаң

Оранғай ауылындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 69,2 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жоба іске асырылуда. Атап айтқанда:

«Кентау көпсалалы зауыты» ЖШС – уран өндірісіне қажетті құбырлар шығаратын зауыт;

«Bereke plastic» ЖШС – бірреттік пайдалануға арналған ыдыс өндірісі;

«Orzax» ЖШС – диеталық қоспалар мен дәрумендер шығаратын зауыт (құрылысы наурызда басталады);

«Diamond Steel Co Ltd» ЖШС – металл өндіру зауыты. Бұл жобалар іске қосылғанда жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті арта түседі.

Сауран ауданындағы ауылдық округтерде де өндірістік инфрақұрылым қарқынды дамуда. Қарашық ауылында 10 гектар аумақта 14 цехтың құрылысы басталып, 3 цех аяқталды. Жалпы 170 жұмыс орны ашылады. Иассы ауылында 9 гектар жерге 21 цех салынып, 430 адам жұмыспен қамтылмақ. Жүйнек ауылында 30 гектар аумақта 16 цехтың құрылысы жүргізіліп, 250 адам жұмыспен қамтылды, ал толық іске қосылғанда 550 жаңа жұмыс орны ашылады. Үшқайық және Қосмезгіл ауылдарында жиһаз өндірісіне бағытталған өндірістік ғимараттар салынуда.

Еңбекші Дихан елді мекенінде тамақ өнімдерін өндіретін «ДәмОрда» өндірістік алаңы құрылып, 18 цехтың құрылысы жүріп жатыр.
2025 жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласына 19,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 200 гектар аумақта 206 мал бордақылау алаңы жоспарланып, қазіргі таңда 56 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Үшқайық ауылдық округінде балық шаруашылығын дамытуға бағытталған 18 жоба жүзеге асуда. Жобалардың жалпы құны – 1 млрд теңге. Нәтижесінде 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.