САУРАН АУДАНЫНДА ТӘУЛІК БОЙЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСУДА

Түркістан облысының әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беретін инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Сауран ауданында жүзеге асып жатқан тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін орнату бастамасы. Бұл жоба өңір халқының өмір сапасын арттырумен қатар, экономиканың тұрақты дамуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына бағытталған.

Ескі Иқан елді мекеніне дейін тартылып жатқан магистральді су құбырының ұзындығы 45,9 шақырымды құрайды. Нысанның есептік өнімділігі тәулігіне 3135 текше метр су, яғни сағатына шамамен 188 текше метр, ал қуаттылығы 60 кВт шамасында. Бұл көрсеткіштер жобаның ауқымын және болашақта өңірдің бірнеше елді мекенін сапалы ауызсумен қамту мүмкіндігін айқындайды. Жоба 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Құбырды тарту, резервуарлар орнату, гидравликалық жүйелерді сынақтан өткізу сияқты негізгі жұмыстар жоспарға сай орындалуда.

Мұндай ірі инфрақұрылымдық бастамалар Сауран ауданының инженерлік және коммуналдық жүйесін жаңғыртуға, инвестициялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі сапалы инфрақұрылым – кез келген бизнестің дамуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және әлеуметтік тұрақтылыққа негіз болады. Жобаның жүзеге асуы арқылы Ескі Иқан және оған жақын ауылдардағы мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасы жақсарып, таза ауызсуға тәулік бойы қол жеткізу мүмкіндігі туады. Бұл – өңірдің әлеуметтік дамуына ғана емес, ауылдық аймақтардағы экономикалық белсенділіктің артуына да тікелей әсер ететін маңызды қадам. Сондай-ақ, ауызсу инфрақұрылымын жаңарту арқылы жергілікті бюджеттің тиімділігін арттыру, инвестицияларды тарту, және инновациялық технологияларды пайдалану бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.