САЙРАМ АУДАНЫНДА 43,9 МЛРД ТЕҢГЕЛІК 21 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП, 1 232 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Сайрам ауданында 2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1 232 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы аудан әкімі Мадияр Оразалиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Өңірде бой көтеріп жатқан «Kuzov Karabulak» ЖШС-нің құрылысы 95 пайызға аяқталған. Жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын автобөлшектер өндіретін кәсіпорында 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба ауданның өңдеу өнеркәсібіндегі мүмкіндігін кеңейтіп, импорт алмастыру бағытындағы жұмыстарға серпін береді.

2025 жылы ауданның өндірістік әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 570 адам жұмыспен қамтылды.

Атап айтқанда, «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің заманауи ірі мал бордақылау алаңы іске қосылды. Кәсіпорында жылына 5 мың бас ірі қара бордақыланып, 10 мың тонна ет өңделеді. «MEAT MAGNAT» өндірістік кооперативі 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы мен мал қалдықтарын өңдейтін цехты пайдалануға берді.

2026 жылы «FATIMA MEAT MAGNATE» шаруа қожалығының 10 мың бас уақ малға арналған кешені мен мал сою алаңы, сондай-ақ «BEK-AGRO.KZ» шаруа қожалығының 5 мың бас ірі қараға арналған кешені іске қосылады.

Бұл жобалар ауданның ет өндірісі мен экспорттық әлеуетін нығайтып, саланың республика бойынша көшбасшылық позициясын сақтауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд теңгені құрап, өсім 31,2 пайызға жетті. 2026 жылы бұл көрсеткішті 467 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы саласында 158,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 8,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл өнім көлемін 166,3 млрд теңгеге жеткізу межеленген.

Өнеркәсіп саласында 86,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, оның 78 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. Биыл бұл көрсеткішті 96,6 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделуде.

Сонымен қатар өткен жылы аудан экономикасына 181,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім екі есеге артты.

Аудандағы 42 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газбен қамту көрсеткіші 92,8 пайызды құраса, асфальтталған жолдардың үлесі 79 пайызға жеткен.

Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында Қарасу ауылында 57 гектар аумақта жаңа мөлтек ауданның құрылысы басталды. Жоба аясында 5 қабатты 47 тұрғын үй, ауыл әкімдігі ғимараты және әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.