Түркістан облысының Ордабасы ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған тағы бір әлеуметтік дүкен ашылды. Жаңа сауда нүктесі аудан орталығы — Темірлан елді мекенінде орналасқан. Бұл жоба — өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және тұрғындардың әлеуметтік жүктемесін азайту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Түркістан облысында әлеуметтік дүкендер желісін дамыту — өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асып жатқан маңызды әлеуметтік-экономикалық шаралардың бірі. Жоба аясында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісім жасалып, дүкен сөрелеріне 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі жеткізілуде. Өнімдер өндірушілерден тікелей әкелінетіндіктен, баға нарықтағыдан шамамен 20 пайызға төмен. Мысалы, 10 дана жұмыртқа – 450 теңге, 1 келі ұн – 190 теңге, 1 кг күріш – 350 теңге, 1 кг картоп – 130 теңге, 1 кг пияз – 65 теңге, 1 литр сұйық май – 610 теңге Мұндай қолжетімді баға тұтыну нарығындағы тұрақтылықты сақтап, инфляцияның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік дүкен тек тұрғындарға тиімді баға ұсынумен шектелмей, жергілікті өндірушілердің өнімін өткізу алаңына айналып отыр. Қазіргі таңда жобамен «Ордабасы құс», «Ордабасы нан», «Бөрте Милка», «Инфрастрой ЛТД» сынды өңір кәсіпорындары әріптестік орнатқан. Бұл — өңірлік экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтағы айналым қаржысын облыс ішінде ұстап қалуға септігін тигізеді. Мұндай серіктестік шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, жергілікті өндірісті қолдаудың тиімді тетігіне айналып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жеке бақылауында тұр. Өңір басшысы бұл бағыттағы шаралар тек қысқа мерзімді көмек емес, аймақтық экономикалық тұрақтылықтың маңызды бөлігі екенін атап өтті. – Баға тұрақтылығы – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін фактор. Әлеуметтік дүкендер арқылы біз нарықтағы тепе-теңдікті сақтай отырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын қолдауға күш саламыз. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді облыс әкімі. Тұрақтылық пен дамудың үйлесімі Түркістан облысында әлеуметтік дүкендер желісін кеңейту — жергілікті экономиканы әртараптандырудың, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және инвестициялық тартымдылықты арттырудың нақты қадамы. Осындай жобалар арқылы өңір бағаның тұрақтылығын сақтап қана қоймай, өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикалық жүйеге айналып келеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
