КЕЛЕС: ӨНДІРІСТІК АЙМАҚ – АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

Келес ауданында өндірістік әлеуетті арттыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар басталды. Бүгінде өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі — Абай ауылында өндірістік аймақ (индустриялық парк) құру ісі қолға алынуда. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 10 гектар жер учаскесі бөлініп, бұл ұсыныс Келес ауданы әкімдігі жанындағы жер бөлу комиссиясында оң қорытындысын алған. Қазіргі таңда аталған аумақта жерге орналастыру және инженерлік инфрақұрылым дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев жобаның маңыздылығын атап өтіп, өндірістік аймақты уақтылы іске қосу өңірдің экономикалық белсенділігін күшейтіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететінін жеткізді: «Абай ауылында өндірістік парк құру – ауданның экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл жобаны уақтылы жүзеге асыру, инфрақұрылымды дайындау және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі. Инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты артады», – деді ол.Қазіргі таңда жеке кәсіпкер «Керуен» 2 гектар жерді аукцион арқылы сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтады. Алдағы уақытта тағы 20 гектар жер учаскесін аукционға шығару жоспарланып отыр. Бұл аймаққа өндіріс нысандарын салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге 1 гектардан бөлініп берілмек. Болжам бойынша, бір кәсіпкер үш ғимарат, ал тағы екі кәсіпкер екі ғимараттан салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің шағын және орта бизнес секторын жандандырып, аудан бюджетінің кірісін арттыруға жол ашады. Өндірістік аймақтың құрылуы – Келес ауданын жаңа индустриялық даму кезеңіне шығаратын маңызды қадам. Мұнда жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру және азық-түлік өнімдерін өңдеу бағытындағы кәсіпорындар шоғырланатын болады. Бұл – тек өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру секілді әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды қамтиды. Келес ауданында мұндай өндірістік жобалардың жүзеге асуы өңірдің қарқынды дамуына, экономиканың тұрақтылығына және халықтың әл-ауқатының өсуіне айқын үлес қосады. Абай ауылындағы жаңа индустриялық аймақ – болашақта Келестің экономикалық картасында маңызды орын алатын стратегиялық нысан болмақ.