КЕЛЕС: ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ – ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӨСІМНІҢ КӨРСЕТКІШІ

Түркістан облысының Келес ауданында соңғы жылдары құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында қарқынды даму байқалуда. Мемлекеттік және жеке инвестициялардың тиімді игерілуі аудан экономикасын жандандырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосуда. Биылдың өзінде Келес ауданында төрт ірі әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Абай ауылындағы заманауи спорт кешені, Біртілек ауылындағы 300 орындық және Ғ.Мұратбаев пен Абай ауылдарындағы 600 орындық жаңа мектептер бар. Бұл жобалар өңірдің әлеуметтік әлеуетін көтеріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдық жерлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға сеп болды.

Абай ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда екінші қабат толық салынып, шатыр жабу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның іске асуы тұрғын үйге деген сұранысты азайтып, құрылыс саласында жергілікті кәсіпорындардың жұмыс көлемін ұлғайтуға жол ашады. Бұл өз кезегінде ауданның ішкі еңбек нарығын күшейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Келес ауданында мәдениет саласына да басымдық берілуде. Жүзімдік ауылдық округінде 149 орындық мәдениет үйінің, ал Абай ауылында жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражайдың құрылысы басталды. Бұл нысандар тек мәдени өмірдің ошағы емес, сонымен қатар туризм мен креативті экономиканың дамуына негіз болмақ. Жобалар 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында Бесқұбыр, 1-Мамыр, Көлтоған, Игілік, Достық және Атақоныс елді мекендерінде жаңа медициналық пункттердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл — халықтың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырумен қатар, денсаулық сақтау инфрақұрылымына салынған маңызды инвестиция. Келес ауданында білім беру саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Алты елді мекенде жаңа мектеп салу жобалары дайындалған. Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында төрт ауылда спорт залдарының құрылысы басталса, Мақташы ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған кешен салу жоспарда бар. Ошақты ауылында ангар типті спорт залының құрылысы да алдағы айларда басталмақ. Аудан аумағында заңсыз құрылысқа қарсы жүйелі бақылау жүргізілуде. Нәтижесінде 9 нысан бойынша заңбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылған. Бұл — аймақтағы инвестициялық тәртіп пен нарықтық ашықтықтың сақталып отырғанының дәлелі. Келес ауданындағы құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың белсенділігі Түркістан облысының инвестициялық климатының жақсарып келе жатқанын айғақтайды. Мемлекеттік қолдау тетіктері мен жеке инвесторлардың қатысуы өңірдің экономикалық дербестігін күшейтіп, жергілікті өзін-өзі қамтамасыз ету моделін қалыптастыруда.