Келес ауданының орталығы — Абай ауылы бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа серпін алып келе жатқан ірі құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары аудан орталығында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, инвестициялық тартымдылық пен өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асуда. Абай ауылының бас жоспарына сәйкес, 2022 жылы 96 гектар аумақ тұрғын үй және қосалқы шаруашылық мақсаттарына бөлінген. Бұл – Келес ауданында урбанизация процесін жеделдетіп, тұрғындардың жеке үй салуға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған маңызды қадам. 2024 жылдан бастап аталған аймаққа электр желісі тартылып, қазіргі таңда 464 азаматқа тұрғын үй салу және шаруашылық жүргізу үшін жер телімдері кезек тәртібімен берілуде. Бұл өз кезегінде жеке құрылыс саласының дамуына, жергілікті кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының жұмысының жандануына ықпал етуде. Қазіргі таңда жаңа аудан аумағын табиғи газбен және ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік актілер алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмалары әзірленуде. Ал жол инфрақұрылымын дамыту бағытында «СВХ АКТОГАЙ» ЖШС тарапынан тас-шағал төсеу жұмыстары жүргізілуде. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Абай ауылында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен 104 пәтерлік тұрғын үй бой көтерді. Бұл жоба — мемлекеттік қолдау мен жекеменшік инвестицияның тиімді әріптестігін көрсететін үлгілі мысал.Қазір тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Пәтерлер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұл жетімдерге, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Мұндай әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй саясаты халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, құрылыс секторындағы капитал айналымын жандандырып, инвестициялық климаттың тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Абай ауылында бүгінде 87 шақырымды құрайтын 120 көше бар. Оның 110-ы асфальтталған, қалған 10 көше тас-шағалмен жабылған. Ең бастысы — ауылда топырақ жолдар мүлде жоқ. 2024 жылы «Құрылыс», «Аққорған», «Еңбекші», «Арал» мөлтек аудандары мен Оңтүстік көшесі және ішкі тұйық көшелерді орташа жөндеуден өткізу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан қаржы қарастырылды. Бұл жобалар құрылыс саласын ынталандырып қана қоймай, жергілікті жұмыс орындарының көбеюіне және бюджетке салық түсімдерінің артуына сеп болмақ. Сонымен қатар Жамбыл, Асан қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары және Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, тиісті ұсыныстар берілді. Бұл жұмыстар — инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту арқылы экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар. Абай ауылындағы жаңа қоныс аудандарының бой көтеруі — Келес ауданының жоспарлы, теңгерімді дамуының нақты көрінісі. Жергілікті басқару мен инвесторлар күш біріктірген жағдайда, бұл аймақ жеке құрылыс, шағын бизнес пен әлеуметтік салада жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын тірек орталыққа айналмақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
