КЕЛЕС АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САПАСЫНА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛУДА

Келес ауданында көлік инфрақұрылымын дамыту – өңірдің экономикалық және әлеуметтік өсімінің басты бағыттарының бірі. Бұл ретте республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының 156–190 шақырымдық бөлігін қайта жаңарту жұмыстары ерекше мәнге ие. Аталған жол учаскесі – аудан мен көршілес өңірлер арасындағы негізгі көлік артериясы болып табылады. Жолдың III санатқа жатқанына қарамастан, тәуліктік көлік қозғалысы 10 мыңнан асады, бұл – белгіленген нормадан екі есеге жоғары көрсеткіш. Сондықтан сапалы әрі заманауи жол құрылысы өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, жүк және жолаушы тасымалының тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба бойынша ескі жабын фрезерленіп, екі қабат асфальт төсеу және жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған жүйе орнату жоспарланған. Бұл – жол қауіпсіздігін күшейтіп, ауыр салмақты көліктердің жол жабынына түсіретін қысымын бақылауға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын «АлемТрансЖол» компаниясы атқаруда, ал техникалық сапаны «Қазстройинжиниринг» мекемесі қадағалауда. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қарашасында толық аяқталады деп күтілуде. Дегенмен, биылғы шілде айында 157+200–175+500 шақырым аралығында 18 шақырымдық бөлікте асфальттың үстіңгі қабатында «ізтабан» пайда болған. Бұл мәселе ауа температурасының +45…+50°C дейін көтерілуінен және қозғалыстың үздіксіз жүруінен туындаған. Маңыздысы – бұл жол әлі мемлекет балансына қабылданбаған және бюджеттен қосымша қаражат бөлінбеген. Барлық ақаулар мердігер есебінен түзетіліп жатыр. Қазіргі таңда мердігер ұйым жолдың бүлінген бөлігін фрезерлеп, жаңа асфальт қабатын төсеп, сапаны тұрақты бақылауда ұстауда. А-15 тас жолы тек аудан тұрғындары үшін ғана емес, өңірдің жалпы экономикалық айналымына серпін беретін стратегиялық нысан. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар – Келес ауданында көлік логистикасын жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жолындағы нақты қадам. Инфрақұрылымның сапалы дамуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалы мен өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан жергілікті билік пен жауапты органдар жөндеу сапасын қатаң бақылауда ұстап, жобаның уақтылы әрі жоғары сапада аяқталуын басты назарда ұстап отыр. Келес ауданы үшін жол сапасы – экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік өркендеудің кепілі.