Келес ауданында өткен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Жиында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерге тоқталып, жүзеге асырылған жобалардың нәтижесін талдады.
Өткен жылы ауданда инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 елді мекенде 10 жоба жүзеге асып, 7 елді мекендегі 21 көше орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар жол сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға ықпал етті.
Әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Абай ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілсе, Жүзімдік елді мекенінде мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Бірқатар ауылдарда электр желілері жаңартылып, трансформаторлар орнатылды.
Кәсіпкерлікті қолдау және ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 61 жоба қаржыландырылды. Алдағы жылы 180 жобаны қолдау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде үш жаңа білім беру нысаны ел игілігіне тапсырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнімі 142,4 млрд теңгені құрап, өсім динамикасы сақталды. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 71,9 млрд теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды. Құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында оң көрсеткіштер байқалды. Су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары толық жүзеге асып, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейі 100 пайызды құрады.
Сонымен қатар аудандағы 83 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен қамтылған. Қалған ауылдарды газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Абай ауылында Жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай құрылысы басталып, оны ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық мәслихат өкілдері пікір білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жеделдету үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Келес ауданында инфрақұрылымдық жаңғырту, инвестициялық белсенділік және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытындағы жүйелі шаралар өңірдің орнықты дамуына негіз қалыптастырып отыр.

