ИНТЕРНЕТ ЖАРЫҒЫ ҚОСТЕРЕККЕ ДЕ ЖЕТТІ

Түркістан облысының Отырар ауданындағы Қостерек ауылы үшін бұл күн ерекше тарихи сәт болды. Себебі алғаш рет ауыл тұрғындары заманауи OneWeb спутниктік жүйесі арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Бұл — ауыл өмірін жаңа сапаға көтеретін, ел мен қала арасындағы ақпараттық алшақтықты жоятын маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Цифрландыру — сән емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» екенін атап өткен болатын. Ал биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауда Президент елдің әлеуметтік дамуын цифрлық технологиялармен ұштастыруды басты міндет ретінде белгіледі.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Jusan Mobile» АҚ бірлесіп, байланысы нашар және мүлдем жоқ елді мекендерге интернет желісін жеткізу жобасын іске асыруда. Нәтижесінде Қостерек ауылында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша қоғамдық Wi-Fi желісі орнатылып, іске қосылды.

Іске қосу рәсіміне Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураев қатысып, жаңа жүйенің жұмыс істеу принципін таныстырды. OneWeb спутниктік жүйесі арқылы енді тұрғындар ғаламторды еркін пайдаланып, қашықтан білім алу, электронды мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, бизнес ашу және онлайн сауда жасау мүмкіндігіне ие болды.

Бұдан бөлек, дәл осындай жүйелер облыстың өзге де шалғай елді мекендерінде — Арыс қаласының Бұлақ, Ақтас, Дарбаза ауылдарында, Қазығұрт ауданының Өгем, Келес ауданының Тартоғай, Түлкібас ауданының Иірсу, Шардара ауданының Құйған ауылдарында орнатылды. Бұл бастама — аймақтың барлық тұрғынына «бірдей цифрлық мүмкіндік» ұсыну жолындағы нақты қадам.

Ауыл тұрғыны Сындарқұл Арғынбай өз алғысын білдіріп:

«Бұрын интернет әлсіз болғандықтан, балалар сабақтарын телефоннан жүктей алмай қиналатын. Енді бәрі жеңіл әрі жылдам. Бұл біздің ауыл үшін үлкен өзгеріс», — деді.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қараша айында жеке инвестор есебінен базалық байланыс станциясы да іске қосылмақ. Осы арқылы Қостерек тұрғындары тұрақты әрі жоғары сапалы байланыс қызметіне толық қол жеткізеді.

Түркістан облысы бүгінде цифрлық инфрақұрылымды дамытуды өңірдің стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қолға алып отыр. Интернет пен технология — тек байланыс құралы емес, жаңа жұмыс орындары мен кәсіпкерлікті дамытудың да негізгі тірегі.

Ауылға интернеттің келуі — жастарға білімге жол ашу, тұрғындарға мемлекеттік қызметті үйден алу, дәрігерге онлайн жазылу және елмен тең деңгейде өмір сүру мүмкіндігі. Бұл — цифрлық теңсіздік жойылып, «ақпарат бәріне қолжетімді» қоғамға қарай жасалған сенімді қадам.