Түркістан облысының жаңа даму нүктесіне айналған Сауран ауданы бүгінде инвестиция тарту және өндірісті өркендету бағытында серпінді дамып келеді. Аудан аумағында жалпы құны 174,6 млрд теңге болатын 151 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бизнес климатын жақсартуға жол ашпақ.
Жобалардың басым бөлігі аграрлық салаға тиесілі. Ауданда 52 ауыл шаруашылығы жобасы іске асырылуда, жалпы инвестиция көлемі – 107 млрд теңге. Бұл жобалар мал бордақылау, сүт және ет өңдеу, құс фермалары мен су үнемдеу технологияларын енгізуді қамтиды. Мәселен, «Eco-Chicken» құс фабрикасы мен «Ақ Сауран» суару жүйесі жобалары ауыл шаруашылығында инновациялық тәсілдерді қолданудың үлгісіне айналды. Аудандағы өндірістік аймақтар жүйелі дамып келеді. Қарашық, Шаға, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде индустриалды аймақтар құрылуда. Қарашықтағы өндірістік алаңда 21 цех салу жоспарланып отыр. Мұнда жиһаз, құрылыс материалдары және қолөнер өнімдері шығарылады. Бұл аймақтар инвесторларға инфрақұрылымы дайын, салықтық және әкімшілік тұрғыдан қолайлы жағдай ұсынады.
Аудан экономикасына инвестиция тарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. 2025 жылға дейін жоспарланған жобалардың жартысынан астамы шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен жүзеге аспақ. Бизнеске арналған «бір терезе» қағидаты, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» тарапынан сүйемелдеу тетіктері кәсіпкерлердің сенімін арттырып отыр. Сауран ауданы бүгінде инвестицияға ашық аймақ мәртебесіне ие. Жаңадан салынып жатқан өндіріс орындары мен агроинновациялық кешендер өңірдің экономикалық белсенділігін арттырып, Түркістан облысының жалпы даму стратегиясындағы маңызды буынға айналуда.
