ЖЕТІСАЙДА ЕРТЕ ПІСКЕН ҚАУЫН ӨНІМІ РЕСЕЙ НАРЫҒЫНА ЭКСПОРТТАЛУДА

Түркістан облысының Жетісай ауданында биылғы егіс науқаны қарқынды жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласында мол өнім алуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан диқандары суармалы жерлерді тиімді пайдаланып, егіс көлемін әртараптандыру арқылы өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Биыл Жетісай ауданындағы 79 мың гектардан астам суармалы жердің негізгі бөлігіне ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, мыңдаған гектар алқапқа мақта, бақша өнімдері, жүгері, көкөніс және мал азықтық дақылдар егілген. Бұл өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда аудан шаруалары бақша өнімдерінің алғашқы түсімін жинауға кіріскен. Әсіресе, Жетісайдың табиғи-климаттық ерекшелігі ерте пісетін өнім алуға қолайлы болғандықтан, жергілікті қауынға сыртқы нарықтан сұраныс жоғары. Нәтижесінде алғашқы өнімдер Ресей Федерациясына экспорттала бастады.

Солардың бірі – көп жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Әл-Фараби Күзенбаев басқаратын шаруашылық. Кәсіпкер иелігіндегі егіс алқаптарының басым бөлігіне мақта дақылын орналастырса, бір бөлігін бақша өнімдерін өсіруге бағыттаған. Биыл шаруашылықта қауынның жоғары сұранысқа ие «Нұр-Бакинка» сұрпы егілген.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты өнімнің пісу мерзімі сәл кешіккенімен, жиналған қауын сапасы жоғары болып отыр. Қазіргі таңда өнім ешқандай делдалсыз тікелей шетелдік сатып алушыларға жөнелтілуде. Бұл шаруалар үшін табысты арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, Жетісай қауындарының сыртқы нарыққа шығарылуы өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сенімді арттырып, отандық аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар мұндай экспорттық жеткізілімдер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауыл экономикасының тұрақты дамуына оң әсер етеді.

Аудан әкімдігі тарапынан жүргізілген ирригациялық жүйелерді реттеу және ағын су арналарының уақытылы тазалануы да егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесін тиімді шешуге ықпал еткен. Нәтижесінде биыл шаруалар су тапшылығын сезінбей, егіс жұмыстарын толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алған.

Жалпы, Жетісай ауданында бақша шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді. Өткен маусымда аудан диқандары жүздеген мың тонна өнім жинап, ішкі нарықпен қатар экспорт көлемін де ұлғайтқан. Биыл да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту, өнім көлемін арттыру және экспорттық бағыттарды кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде. Бұл өз кезегінде аграрлық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болуда.