ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ КІТАПХАНА САЛЫНБАҚ

Жетісай ауданында мәдениет пен білім саласын дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның бірі – заманауи үлгідегі жаңа аудандық кітапхана салу бастамасы. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырып, мәдени-интеллектуалдық даму деңгейін жаңа белеске көтермек. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов апта соңында аудандық орталық кітапханада болып, сала қызметкерлерімен және белсенді оқырмандармен кездесті. Кездесуде аудан басшысы кітапхананың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, рухани және интеллектуалдық капиталдың дамуы өңір экономикасына да оң әсер ететінін атап өтті.

“Кітап — тек білім мен мәдениеттің емес, экономикалық ілгерілеудің де негізі. Қазіргі жастардың оқу мәдениетін арттыру, цифрлық кітапханалар желісін дамыту арқылы біз жаңа буынның ойлау жүйесін, шығармашылық әлеуетін күшейтеміз. Бұл өз кезегінде өңірдің адами капиталының сапасын арттырады,” – деді аудан әкімі. Бүгінде аудандық орталық кітапхананың кітап қоры 59 мыңға жуық, ал тіркелген оқырмандар саны 3000-нан асады. Балалар кітапханасында да 29 мыңнан астам туынды бар, жыл сайын екі жарым мыңнан астам бүлдіршін кітаппен танысады. Бұл – аудан халқының кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Алайда, 1960 жылы салынған ғимараттың материалдық жағдайы бүгінгі талапқа сай емес. Соңғы күрделі жөндеу 34 жыл бұрын жүргізілген. Сала мамандары кітапханаға жаңа жылу жүйесін орнатып, техникалық жабдықтарды жаңарту, сондай-ақ заманауи кітап сөрелерін алу қажеттігін айтты.

Бұл мәселелерді назарға алған Серік Үсенұлы Мамытов алдағы уақытта заманауи екі қабатты жаңа кітапхана мен музей ғимаратын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жоба Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар жерге орналастырылмақ.

Аудан басшысының айтуынша, жаңа кітапхана тек кітап оқу орны ғана емес, сонымен қатар инновациялық білім мен цифрлық мәдениетті дамытатын интеллектуалдық хаб қызметін атқарады. Мұнда электронды кітаптар базасы, интернетке еркін қолжетімді аймақтар мен оқырманға арналған интерактивті залдар қарастырылады. Жобаның жүзеге асуы – жергілікті бюджет пен мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімді үйлесімінің нәтижесі болмақ. Бұл өз кезегінде құрылыс саласына жаңа инвестиция тартып, аудан экономикасына қосымша серпін береді. Кітапхана – мәдениет, білім және инновацияның тоғысқан орталығы. Ал осындай жобалардың іске асуы – Жетісайдың әлеуметтік және экономикалық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы.