БІРЛІК: АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ БАҒЫТЫНДА

Келес ауданына қарасты Бірлік ауылдық округі соңғы жылдары әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келеді. Ауыл өмірінің барлық саласында – инфрақұрылым, коммуналдық жүйе, жол құрылысы мен әлеуметтік нысандарды жаңарту бағыттарында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бұл – ауылдың экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін күшейтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Округ құрамындағы жеті елді мекенде бүгінде 5700-ден астам тұрғын тұрады. Әлеуметтік инфрақұрылым жүйелі түрде дамуда: ауылдарда 3 мектеп, 4 балабақша, аурухана, фельдшерлік пункт, кітапхана және мәдениет үйі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл — ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін маңызды фактор. Коммуналдық салада да айтарлықтай жетістіктер бар. Қосөткел, Жаңатіршілік және Үшағаш ауылдарында ауыз су жүйелері жаңартылып, жаңа ұңғымалар мен сүзгіштер орнатылды. Бірлік ауылындағы су тапшылығын шешу мақсатында ескі ұңғымалар қайта іске қосылды. Ал электрмен қамту саласында Бірлік пен Жаңатіршіліктегі трансформаторлар мен бағаналар толық жаңартылып, биыл Үшағаш пен Бірлік ауылдарында ескі желілерді ауыстыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласы да өңір экономикасының негізгі тірегі болып отыр. Соңғы уақытта 6 жаңа ауылшаруашылық техникасы алынып, каналдарды тазалау және жаңа лотоктар орнату арқылы егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл қадамдар ауылдың аграрлық әлеуетін арттырып, жергілікті шаруалардың еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Инфрақұрылымдық жаңару жұмыстарының маңызды бөлігі – жол құрылысы мен абаттандыру бағыттары. Өткен жылдары 12 шақырым жолға шағал тас төселіп, 2,25 шақырымға асфальт салынды. Биылғы жылы 11 көше жаңадан асфальттанып, тротуарлар мен балалар ойын алаңдары бой көтереді. Сонымен қатар, тұрғындар үшін демалыс пен бос уақытты тиімді өткізуге арналған ардагерлер мен жастар аллеялары салу жобасы қолға алынды. Газбен қамтамасыз ету ісі де ауыл өміріне үлкен серпін бермек. Бірлік, Үшағаш, Жаңатіршілік және Қосөткел ауылдарына газ тарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бірлік ауылындағы ішкі жүйенің құрылысы бүгінде 95 пайызға аяқталған. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді шешім болмақ. Бірлік ауылдық округі бүгінде өз даму бағытын нақты айқындап, жергілікті экономиканы әртараптандыру арқылы өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетуде. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік қатар дамып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңарып келеді. Бірлік – бүгінде тек атауы ғана емес, шынайы мағынасында бірлік пен еңбектің символына айналған ауыл. Мұнда халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, жергілікті экономиканы күшейтуге бағытталған нақты жобалар жүзеге асуда. Бұл үрдіс Келес өңірінің жалпы даму қарқынына да оң әсерін тигізуде.