TITF–2025: ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМДА 432,2 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН 7 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан облысы инвестициялық тартымдылықты арттыру, өңір экономикасын әртараптандыру және өндіріс саласын дамыту бағытында ауқымды қадамдар жасап келеді. Осы мақсатта Түркістан қаласында ұйымдастырылған «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өңір дамуына серпін беретін маңызды оқиғалардың бірі болды.

Халықаралық форумға әлемдік деңгейдегі компаниялар мен отандық кәсіпкерлер қатысты. Форум барысында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жобасы (75,3 млрд теңге), джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдері мен жарықтандыру жабдықтары, күн панельдерін өндіру саласындағы инвестициялық жобалар мақұлданды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров форум қатысушыларын Түркістан облысының инвестициялық және өндірістік әлеуетімен таныстыра отырып, өңірді жан-жақты дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өндіріс саласын күшейтуге шақырды:

«Бүгінгі форум өңір дамуын көркейте отырып, өндіріс саласындағы тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін іскерлік алаң болып отыр. Біздің мақсатымыз – халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, Түркістанның өндірістік әлеуетін арттыру», – деді облыс басшысы.

Облыс бойынша 2025–2028 жылдарға арналған 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 34 инвестжоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 10 айдың қорытындысы бойынша облыстың экономикасына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі II тоқсан қорытындысымен 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Форум шеңберінде жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізілген, ҚХР, Иран және Өзбекстанға ресми сапарлар ұйымдастырылған. Нәтижесінде арнайы экономикалық аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем және өсімдік майын өндіру жобалары іске асырылуға дайындалуда.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін форум Түркістан облысының экономикалық даму стратегиясын іске асыруда маңызды іскерлік алаңға айналды. Форум барысында мақұлданған жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өндірістік әлеуетін арттыруға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға нақты серпін береді.

Түркістан облысының инвестициялық саясатында халықаралық серіктестікті күшейту, өндірісті дамыту және агроөнеркәсіп, құрылыс, энергетика, текстиль және заманауи технологиялық өндірістерге тарту басым бағыт болып отыр. Осы стратегияның арқасында облыс экономикалық тұрақтылық пен ұзақ мерзімді даму кепіліне ие болып отыр.