Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты өңірде бұл бағыттағы бастамалар білім беру, қауіпсіздік, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларын қамтып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару мен қызмет көрсетудің тиімді құралдарының біріне айналуда.
Өңірде халықаралық талаптарға сай ашылған Woosong University Kazakhstan IT университеті болашақ IT-мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарып келеді. Қазіргі таңда мұнда «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 100-ден астам студент білім алуда. Университеттің ғылыми және технологиялық әлеуетін ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына енгізу мақсатында бірлескен жобалар әзірленуде.
Жастарды қолдауға ірі компаниялар да тартылған. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ және «Freedom Holding» корпорациялары студенттерге грант бөліп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл – өңірде білікті кадрларды ұстап қалуға бағытталған нақты қадам. Денсаулық сақтау саласында 2026 жылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасын іске қосу жоспарлануда. PACS жүйесін енгізу арқылы өкпе, сүт безі обыры және өзге де ауруларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып, медициналық қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.
Қауіпсіздік саласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс әкімдігі жанындағы Ахуалдық орталықтың мүмкіндігі кеңейтілуде. Бейнебақылау камераларының саны арттырылып, алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен қоғамдық тәртіпті бұзу, қоқыс тастау және тыйым салынған заттарды алып жүру фактілері автоматты түрде анықталып, полиция органдарына жедел түрде жолданатын болады.
Инфрақұрылым саласында Кентау қаласындағы Оранғай су тазарту станциясына су жеткізу жүйесі толықтай SCADA автоматтандырылған жүйесі арқылы бақылануда. Бұл жүйе су қысымы мен шығын көлемін нақты уақыт режимінде қадағалап, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Өңірдегі IT-экожүйені дамытуда Turkistan Hub аймақтық IT-хабы маңызды орын алуда. Ашылғаннан бері мұнда 3500-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен 225-тен астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-мен бірлескен YASAWI STARTUP инкубациялық бағдарламасы аясында бірнеше жоба дайын өнім деңгейіне жетіп, нарыққа шығуға жақындады.
Биыл Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы жұмыстар нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін күшейтуге және аймақтың технологиялық дамуын жеделдетуге бағытталуда.

