ӨГЕМ: ЦИФРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨЗІН-ӨЗІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бүгінгі күні ауыл аймақтың дамуы тек жол мен жарықтандыру арқылы ғана емес, цифрлық инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Интернет – ауыл тұрғындары үшін білім мен ақпараттың, бизнестің және әлеуметтік теңдіктің басты тетігіне айналып отыр. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазығұрт ауданына қарасты Жігерген ауылдық округінің Өгем елді мекені «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында тұрақты интернет желісіне қосылды.

Жоба Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен іске асып, шалғай ауылдарды заманауи байланыс жүйесімен қамтуға бағытталған. Өгемде «Jusan Mobile» АҚ тарапынан OneWeb спутниктік жүйесі орнатылып, қоғамдық Wi-Fi нүктесі іске қосылды. Қазіргі уақытта интернет желісі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, тұрғындар оны еркін пайдалана алады.

Бұл жаңалық тек цифрлық теңсіздікті жою ғана емес, ауылдың экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуіне де серпін бермек. Себебі, интернеттің қолжетімді болуы – ауыл кәсіпкерлеріне жаңа нарықтарға шығуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін онлайн сату мен жарнамалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, цифрлық сервистер арқылы мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай алу, қаржы және банктік операцияларды жүргізу жеңілдеді.

Цифрлық байланыс орнаған соң, Өгем тұрғындары қашықтан оқыту, онлайн жұмыс істеу және электронды сауда салаларына еркін араласа алады. Бұл ауыл жастарының өз туған жерінде отырып-ақ табыс табуына, яғни жергілікті экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, интернет инфрақұрылымы ауыл шаруашылығын автоматтандыруға, цифрлық бақылау жүйелерін енгізуге және агроөнеркәсіптің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ауылды тек тұтынушы емес, өндіруші және экспортқа бағытталған экономикалық бірлікке айналдырудың нақты қадамы.

«Қолжетімді интернет» жобасының жүзеге асуы Өгем тұрғындарының әлеуметтік өміріне де оң әсер етті. Ауыл мектебі мен медицина пунктінде онлайн байланыс жолға қойылып, цифрлық білім беру мен қашықтан медициналық кеңес алу жүйелері қолжетімді болды. Осылайша, Өгем елді мекенінің интернетке қосылуы – тек байланыс желісін тарту емес, бұл ауылдың цифрлық экономикаға қадам басуы, жаңа өмір сапасының қалыптасуы және өңірдің өз әлеуетімен дамуға бет бұруының нақты дәлелі.