ҰЛТТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы басты мақсаттардың бірі – отандық өнімнің сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті агросектор қалыптастыру. Бұл бағыттағы стратегиялық шешімдердің бірі – Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы. Оның нәтижелері сала саясатын нақты деректер негізінде жоспарлауға және шаруалардың жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Санақтың маңыздылығы – өндірістің нақты әлеуетін анықтап, ауыл шаруашылығын тиімді басқаруға жол ашуында. Осы тұрғыда Түркістан облысы республика бойынша көш бастап тұр.

Бүгінгі күнге дейін өңірде мал шаруашылығы, өсімдік және балық шаруашылығымен айналысатын 71 589 жеке және заңды тұлға Ұлттық санаққа қатысып үлгерген. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Статистика басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданында 8 мыңнан астам, Сайрам ауданында 7 мыңнан астам, ал Сарыағаш, Мақтаарал және Қазығұрт аудандарында 6 мыңнан астам респондент тіркелген. Облыс әкімінің орынбасары Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының тек есеп емес, отандық өнім сапасын арттырудың, тиімді саясат жүргізудің және шаруалардың нақты қолдау алуына жол ашатын маңызды құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен деректердің нақтылығы тұрақты бақылауда.

Күн тәртібінде аудандардағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы да қаралды. Жауапты тұлғаларға статистикалық деректердің нақты есептермен сәйкестігін қамтамасыз ету, айырмашылықтар болған жағдайда тиісті дәлелдеме құжаттарын ұсына отырып, көрсеткіштерді сәйкестендіру тапсырылды. Мұндай жүйелі қадамдар қазақстандық өнім сапасын арттыруға, ауыл шаруашылығын нақты деректерге сүйене отырып дамытуға және ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашады. Түркістан облысының белсенділігі – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру жолындағы үлгілі тәжірибе, өйткені дәл санақ – сапалы өнім мен тұрақты даму стратегиясының бастауы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *