ҚАРАМҰРТТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НЫҒАЙЫП, ЖАҢА НЫСАНДАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

2025 жылы Қарамұрт ауылдық округінде тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар табысты жүзеге асырылды. Электр желілерін жаңғырту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды іске қосу бағытындағы жұмыстар ауылдың дамуына жаңа серпін берді.

Энергетика саласында нақты қадамдар жасалды. Нематуллаев көшесіне 7,4 млн теңге қаржыға жаңа трансформатор орнатылып, электрмен жабдықтау сапасы айтарлықтай жақсарды. Ал А. Моминжанов көшесінде 13 млн теңгеге электр желілері мен бағаналары толық жаңартылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі тұрақты жарықпен қамтылуына мүмкіндік жасалды.

Ауыл ішіндегі инфрақұрылымды жүйелеу мақсатында елді мекендерде көше атаулары дайындалып, тиісті орындарға орнатылды. Бұл шара мекенжай жүйесін ретке келтіріп, тұрғындарға қолайлылық туғызды.

Демеушілердің қолдауымен де бірқатар игі жобалар жүзеге асты. Ұста Қыдыр көшесіне асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолына орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар Жаныс баба көшесі бойындағы Калон баб мазараты абаттандырылып, кесене құрылысы жүргізілді. Бұл жұмыстар ауылдың тарихи-рухани келбетін жаңғыртуға бағытталды.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Низамабад елді мекенінде жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде нысан тұрақты жұмыс істеп, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет етуге қызмет етуде.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Қарамұрт ауылындағы бұрынғы жедел жәрдем ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Бұл тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ықпал етті.

Кәсіпкерлік бағытында да жаңа нысандар ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылды. 25 адамды жұмыспен қамтыған «Маржона» сауда орталығы, 20 адамға тұрақты жұмыс берген «Шипа Мед» және «Азия Фаворит» емдік-сауықтыру орталықтары халық игілігіне ұсынылды. Бұл бастамалар ауыл экономикасының жандануына және тұрғындардың табысын арттыруға оң әсерін тигізуде.

Жалпы алғанда, Қарамұрт ауылдық округінде атқарылған жұмыстар инфрақұрылымды жаңғырту мен әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесін көрсетеді. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жалғасын тауып, тұрақты бақылауда болады.