ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРЫП, АУЫЛДАР ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУДА

Қазығұрт ауданында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның бір айғағы – Шарбұлақ ауылындағы табиғи газ тарту жұмыстарының қарқынды жүруі. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапары барысында Желтоқсан көшесінде жүргізіліп жатқан газ желісінің құрылыс барысымен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтауға, инженерлік стандарттарға сай жұмыс жүргізуге баса назар аударды.Жоба – ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға, энергия көздерін тиімді әрі үнемді пайдалануға бағытталған маңызды бастама. Табиғи газ тарту арқылы тұрғындар экологиялық таза әрі қауіпсіз отын түрін қолдану мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде ауылдағы өмір сүру деңгейін арттырып, тұрмыстық шығындарды азайтады.Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Газ желісі толық пайдалануға берілген соң, ауылдағы жүздеген үй шаруашылықтары табиғи газбен қамтылып, қатты отынға деген тәуелділік айтарлықтай төмендемек. Бұл – Қазығұрт ауданының әлеуметтік және инвестициялық даму стратегиясының маңызды бөлігі. Ауылдық аймақтарды газдандыру, жол және ауыз су жүйелерін жаңарту бағытындағы кешенді шаралар соңғы жылдары қарқын алып, өңірдің инфрақұрылымдық келбетін түбегейлі өзгертуде. Аталған жобалар тек тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, инвестициялық тартымдылықты күшейтіп, ауыл экономикасына жан бітіріп отыр. Шарбұлақ ауылындағы табиғи газ тарту жұмыстары – Қазығұрт ауданының өркениетті, қолайлы және энергия тиімді аймаққа айналу жолындағы нақты қадам.