ҚАЗЫҒҰРТ: АЛМАНЫҢ ӘР ТҮРІ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ КӨРСЕТКІШІ

Қазығұрт ауданы – ауыл шаруашылығы өркендеген, еңбекқор жұртымен танылған өңір. Бүгінде ауданның агроөнеркәсіптік саласы жаңа серпін алып, экспортқа бағытталған сапалы өнім өндіру ісі кеңінен дамып келеді. Соның айғағы – Шарбұлақ ауылдық округіндегі “Бірлік және Береке-Агро” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.

Бұл шаруашылықтың негізгі бағыты – бау-бақша өсіру мен сапалы алма өндіру. Кооператив иелігіндегі 150 гектар суармалы жердің 120 гектары алманың әлемге әйгілі сұрыптарына арналған. “Голден Делишес”, “Ред Делишес”, “Гала”, “Фуджи”, “Грени Смит” секілді жоғары сапалы сорттардан алынған өнім бүгінде ішкі нарықта да, экспорт бағытында да үлкен сұранысқа ие.

Жыл сайын кооператив алманың мол өнімін жинап, аудан экономикасының өсуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазіргі таңда 30 тұрақты жұмысшы еңбек етсе, өнім жинау маусымында қосымша 200-ге жуық маусымдық жұмысшы тартылады. Орташа айлық жалақы 140–150 мың теңге шамасында белгіленген. Бұл – ауыл халқының табысын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты көрінісі.

Шаруашылық заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен толық жабдықталған. Қолданыстағы 24 түрлі техника мен агрегат, оның ішінде тракторлар, бүркігіш және шөп оратын құралдар – еңбек өнімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Заманауи әдістердің қолданылуы өнім сапасын жақсартып қана қоймай, шығын көлемін азайтуға да жол ашады.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов шаруашылықтың алма терімі барысымен танысып, кооперативтің табысты жұмысын оң бағалады.

– Бүгінгі басты міндет – өнім көлемін арттырумен қатар, оның сапасына ерекше көңіл бөлу. Агроөнеркәсіп саласында инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы ғана біз нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз. Мұндай табысты шаруашылықтар өңір экономикасын нығайтып, экспорт әлеуетін арттырады, – деді аудан әкімі.

Қазығұрттағы алма өндірісі бүгінде тек ауыл еңбеккерлерінің еңбегінің жемісі ғана емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық дербестігі мен агроөнеркәсіптік қуатының нақты көрінісі. Сапалы өнім – тұрақты даму кепілі екенін дәлелдеген шаруашылық тәжірибесі өзге өңірлер үшін де үлгі боларлық.