Түркістан облысының Қазығұрт асуында орналасқан «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады және нысанның тарихи-рухани мәніне тоқталды.
📌– Ата-бабаларымыз «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп бекер айтпаған. 2004 жылы бой көтерген «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені – ұлт рухын көтеретін, тарих пен дәстүрді дәріптейтін ерекше нысан. Бүгін бұл кешен қайта жаңғырып, жаңа кейіпке енді. Мемориал – ұлттың бірлігі мен берекесінің, ізгіліктің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдени мұра мен рухани туризмді дамыту – ел дамуының маңызды бағыты деп атап өтті. Осы бағытта Түркістан облысында тарихи-мәдени нысандарды сақтау және өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – деді Нұралхан Көшеров.
Қазығұрт асуында орналасқан кешеннің абаттандыру және жаңғырту жұмыстары «Қарағанды Көркем» ЖШС арқылы жүзеге асырылды. Жобаның құрылыс жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Мемориалдық кешеннің жалпы аумағы – 5 гектар.
Жаңғырту барысында кешен аумағына биіктігі 51 метр болатын мемлекеттік Ту орнатылып, 1880 шаршы метрге газон төселді. Сонымен қатар 29 жарықтандыру шамы орнатылып, айналаны көгалдандыру мақсатында 400 түп шырша көшеті егілді. Нысан құрамына кеме пішіндес биіктігі 11 метр монумент, нақыл сөздер жазылған 3 монумент, 2 демалыс орны, 2 сауда орны және әжетхана енгізілген.
Жаңғыртылған кешен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, туристік әлеуетті арттыруға және елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған. Осы мемориалдық кешен Қазығұрт өңірін тарихы мен мәдениеті арқылы танытатын маңызды нысанға айналып, елдің рухани байлығын дәріптеуге үлес қосады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық қатысушыларға кешеннің маңыздылығын ескере отырып, өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту, мәдени мұраны сақтау және келушілерге қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл бастама Түркістан облысының даму стратегиясына сәйкес тарихи, мәдени және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болып отыр.
