Елімізде экономиканы әртараптандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жалғасуда. Бұл қаражат қазір ел бойынша халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүздеген әлеуметтік нысанның құрылысына жұмсалуда.
Солардың бірі – Түркістан облысы Ордабасы ауданының Темірлан ауылында бой көтеріп жатқан балалар музыка мектебі. Бұл нысанның құрылысы ел экономикасын әділ дамытудың және әрбір өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттырудың нақты көрінісі болып отыр.
Мектеп құрылысына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен республикалық бюджет комиссиясының шешімі негізінде арнаулы мемлекеттік қор есебінен 889,2 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары Түркістан облысы құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «Намыс» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
Жоба аясында:
- 150 орындық концерт залы,
- топтық үйірмелерге арналған кабинеттер,
- ән жазу студиясы,
- халық аспаптарына арналған кабинеттер,
- кітапхана мен демалыс бөлмелері қарастырылған.
Бүгінде құрылыс қарқыны жоғары. Іргетас құю, кірпіш қалау, шатыр жабу және инженерлік жүйелер тарту жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жалпы дайындық деңгейі 75 пайызды құрайды. Балалар музыка мектебін осы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысын жеке бақылауына алған. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандарды осындай қаржыландыру тетігі арқылы салу – өңірлік экономиканы әртараптандырудың, әділ әрі тиімді даму бағытын қалыптастырудың нақты мысалы.
Мұндай жобалар тек әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, жергілікті кәсіпорындардың белсенділігін арттырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін береді.
Яғни, экономиканы әртараптандыру – тек өндіріс пен инвестиция саласында емес, әлеуметтік бағыттағы жобалар арқылы да жүзеге асып келеді.
