ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІП – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Халқымыздың «Басталған істе береке бар» деген дана сөзі қазіргі өңірдің даму қарқынына дәл келетін ұғым. Соңғы жылдары Түркістан облысында ауыл шаруашылығын өркендету, кәсіпкерлік әлеуетті арттыру және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – ауданда бой көтеріп жатқан шағын өнеркәсіп аймақтары. Осыдан небәрі екі ай бұрын бастау алған Балықты және Машат ауылдық округтеріндегі өнеркәсіптік аймақтар бүгінде нақты құрылыс кезеңіне өтті. Жобалардың қарқынды жүруі — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, кәсіпкерлік белсенділіктің артқандығының айқын дәлелі. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев жауапты мамандармен бірге құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады. Балықты ауылдық округінде 10 гектар жерге 10 бірдей мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда нысандардың іргетасы қаланып, қабырғалары бой көтеріп жатыр. Бұл жоба толық аяқталған соң ауыл халқы үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, ет өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Аудан басшысы нысан басында құрылыс сапасына мән беріп, инженерлік инфрақұрылымды — электр желісі, трансформатор және ауыз су тарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, жолды тегістеу мен тас төсеу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Ал Машат ауылдық округінде 8 гектар аумақта мал бордақылау және сою бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Заманауи технологиямен жабдықталатын кешен тәулігіне 200 басқа дейін мал союға қауқарлы болады. Сонымен қатар, етті ұзақ уақыт сақтауға арналған тоңазытқыш қоймалар орнату көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеп, нарыққа сапалы ет өнімдерін жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа өнеркәсіп аймақтарының іске қосылуы аудан экономикасына үлкен серпін бермек. Бұл жобалар, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтиды, ауылдағы инфрақұрылымды жаңғыртуға ықпал етеді, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Осылайша, ауданның өндірістік әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріледі. Мұндай бастамалар мемлекет тарапынан ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалармен үйлесіп отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.