Шардара ауданында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау мен өндірістік әлеуетті арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев жұмыс сапары барысында аудандағы бірқатар өндіріс орындарының қызметімен танысып, кәсіпорындардың экономикалық дамуға қосқан үлесін бағалады.
Сапар барысында аудан басшысы алдымен «Шоғы Строй» ЖШС-ң қоршау өндіру цехына барды. Цехтың өндірістік қуатын қарап шыққан аудан әкімі мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын және кәсіпорынның тәулігіне 80 дана қоршау мен 50 дана қоршау бағанын өндіруге қабілетті екенін атап өтті. Бұл кәсіпорын аймақтың құрылыс материалдары нарығына тұрақты өнім жеткізіп, жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ұсынады.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Шардара-Ет» ЖШС-ң күріш өңдеу жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Дінмұханбет Бекмұратов басқарған кәсіпорын 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тәулігіне 20 тонна күріш өңдеуге қабілетті. Жылдық өндірістік қуаты шамамен 3 000 тоннаны құрайтын бұл кәсіпорын өңірдің агроөнеркәсіп саласына қосқан маңызды үлесімен ерекшеленеді.
Сапар барысында аудан басшысы «Бәйтерек ББМ» ЖШС-ң балық өңдеу зауытына да барды. Кәсіпорын иесі Ақыл Байқошқаров жетекшілік ететін өндіріс орнында 30 адам еңбек етуде, ал зауыттың жылдық қуаты 600 тонна балық өңдеуге жетеді.
Аудан әкімі кәсіпорын басшыларымен кездесуде өндірістік қуатты арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы міндеттерді талқылады.
Жалпы, Шардара ауданындағы кәсіпкерлік нысандардың дамуы жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласының дамуына, сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға серпін береді.

