Түркістан қаласында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы құрылыс қарқыны артып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 42 үй – кредиттік, ал 15 үй – арендалық негізде салынып жатыр.
Бұл бастама — өңірдегі тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Қаланың Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде, сондай-ақ «Отырар» шағын ауданында және Айналма жол бойындағы жаңа тұрғын үй алаптарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Сонымен қатар, «Интер» ЖШС секілді мердігер ұйымдар тарапынан да сапалы құрылыс жүргізу және нысандарды уақытылы тапсыру мақсатында бақылау күшейтілген.
Бүгінде тұрғын үй құрылысының сапасы мен мерзімін қадағалау – қала әкімдігі жұмысының басты бағытының бірі. Әрбір жоба кезең-кезеңімен тексеріліп, құрылыс материалдарының сапасына, инженерлік желілердің орнатылуына және экологиялық стандарттардың сақталуына баса назар аударылуда.
Жалпы, жыл соңына дейін 2 000-ға жуық пәтер пайдалануға беріліп, тұрғындар жаңа қонысқа көшеді деп жоспарлануда. Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы заңға сәйкес кезекте тұрған азаматтарға кезең-кезеңімен үлестіріледі.
Бұл жобалар Түркістан қаласының экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, құрылыс саласына инвестиция тартуға, жергілікті еңбек нарығын жандандыруға және қаланың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға айтарлықтай ықпал етпек.Түркістанның келбеті жыл санап өзгеріп, заманауи тұрғын үй кешендері, жаңа шағын аудандар мен инфрақұрылымдық нысандар қала өмірінің сапасын арттыруға бағытталып отыр.
