ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛСЕҢГІР АУЫЛЫНДА ЖАҢА «БАЛ-САФИЯ» БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Қызылқия ауылдық округіне қарасты Қызылсеңгір елді мекенінде заманауи үлгідегі «Бал-Сафия» бөбекжай балабақшасы пайдалануға берілді.Бұл әлеуметтік нысан – жеке кәсіпкер Құрбанова Айгүл Пернебайқызының өз қаражаты есебінен салынған жоба. Мемлекет пен жеке бизнестің өзара серіктестігі аясында жүзеге асқан игі іс өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жеке инвестиция тартудың нақты үлгісіне айналды. Ашылу салтанатына Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, кәсіпкерге ризашылығын білдірді. – Ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі. Бүгін Қызылсеңгір елді мекенінде жаңа бөбекжайдың ашылуы – ауыл өміріне жаңа серпін береді. Бұл – мемлекет пен қоғам мүддесіне бағытталған іскер азаматтардың жауапкершілігі мен туған жерге деген сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі. Осындай жобалар арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасы артып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы нығаяды, – деді аудан әкімінің орынбасары. Жаңа «Бал-Сафия» бөбекжайы заманауи талаптарға сай жабдықталған, балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы тәрбие алуына барлық мүмкіндік жасалған. Мұнда оқу-ойын бөлмелері, тынығу орындары, асхана мен ойын алаңы бар. Балабақша толық қуатында жұмыс істегенде ондаған адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл экономикасына жергілікті еңбек ресурстарының қатысуы артады. Мұндай нысандардың бой көтеруі тек әлеуметтік қажеттілікті шешіп қана қоймай, өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жеке сектордың белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Түркістан облысында соңғы жылдары жеке инвестициялар есебінен әлеуметтік нысандар салу үрдісі күшейіп келеді. Бұл – өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді. Бүгінде облыс бойынша әлеуметтік салада мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ондаған балабақша, мектеп және медициналық нысандар пайдалануға берілген. Мұндай жобалар жергілікті бюджеттің жүктемесін азайтып, жеке капиталдың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға жол ашады. Ауыл тұрғындары мен ата-аналар жаңа бөбекжайдың ашылуын зор қуанышпен қабылдады. Олар ауыл балаларының білім мен тәрбие алуына жағдай жасап, ел игілігіне үлес қосқан кәсіпкерге және аудан басшылығына алғыстарын білдірді.