Соңғы жеті жылда Түркістан қаласы жаңа дәуірге қадам басты. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Түркістан облысын құру және оның орталығы ретінде Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл шешім өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына тың серпін беріп, Түркістанды жаңа деңгейге көтерді.
Қысқа мерзім ішінде қала келбеті түбегейлі өзгеріп, бұрынғы шағын аймақ бүгінде Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлік орталықтардың біріне айналды. Осы жеті жыл ішінде Түркістанға 442,6 млрд теңге инвестиция тартылып, оның айтарлықтай бөлігі инфрақұрылым, туризм және мәдениет салаларына бағытталды. Бұл өз кезегінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң өңірдің әлеуетін арттыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және экономикалық белсенділікті арттыруға негіз болды. Осы заңның арқасында қала дамуы жаңа сапалық деңгейге шықты.
Бүгінде Түркістанда 100 мың адамға арналған заманауи инфрақұрылым толық қалыптасып келеді. Қалада жаңа тұрғын үй кешендері, жолдар, әлеуметтік, спорттық және мәдени нысандар бой көтерді. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инженерлік және коммуналдық жүйелер жаңартылып, экологиялық қауіпсіздік пен көгалдандыру бағытында да ауқымды жобалар іске асырылуда.
Түркістан – тек экономикалық орталық қана емес, сонымен қатар елдің мәдени және рухани астанасы. Қалада Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жаңғырту, тарихи-археологиялық аймақтарды сақтау, туризмді дамыту және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды. Соның нәтижесінде Түркістанға жыл сайын миллионнан астам турист келеді.
Туризм саласы аймақтың экономикасына ерекше үлес қосып отыр. Қонақүйлер, демалыс аймақтары, туристік нысандар мен инфрақұрылым дамып, қызмет көрсету сапасы халықаралық стандарттарға сай деңгейге көтерілді. Туризмнің өркендеуі шағын және орта бизнестің жандануына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына ықпал етуде.
Бүгінгі Түркістан – заманауи архитектура мен тарихи мұраның үйлесім тапқан бейнесі. Қаланың жаңа сәулеттік шешімдері мен кеңейген көлік инфрақұрылымы оның халықаралық деңгейдегі туристік және мәдени орталыққа айналғанын айғақтайды.
Түркістан облысы мен қаласының дамуы – еліміздің өңірлік саясатындағы табысты реформалардың нақты нәтижесі. Алдағы жылдары да қалада инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту және халықаралық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
Түркістан бүгінде – тарих пен жаңашылдық тоғысқан, экономикалық қуаты мен мәдени әлеуеті қатар өркендеген, елдің бетке ұстар аймақтарының бірі.
