Биыл Түркістан қаласының тарихында ерекше маңызы бар оқиға орын алды. Халықаралық World Craft Council (WCC) ұйымының шешімімен Түркістанға ресми түрде «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Бұл мәртебе – өңірдегі дәстүрлі қолөнердің терең тамыры мен шеберлер еңбегінің жоғары деңгейде бағаланғанының айқын дәлелі.
Түркістан ежелден қолөнер мен ұлттық мәдениеттің алтын ордасы саналады. Мұнда ағаш, керамика, зергерлік бұйым, киіз және тоқыма өнері сияқты сан түрлі қолөнер бағыттары сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Соңғы жылдары қалада Қолөнершілер орталығы ашылып, шеберлерге өз туындыларын жасау мен халықаралық деңгейде танытуға кең мүмкіндік берілді.
Фестиваль аясында өткен салтанатты рәсімде World Craft Council ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев құттықтау сөз сөйлеп, Түркістандағы Қолөнершілер орталығының халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейде жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
Ол өз сөзінде: «Түркістанның қолөнер дәстүрі – түркі өркениетінің айнасы. Мұндағы шеберлердің еңбегі мен ұлттық нақышқа толы туындылары әлемдік деңгейде үлкен қызығушылық тудырады», – деді.
Маңызды сәттің шарықтау шегінде World Craft Council ұйымының президенті Азиз Муртазаев Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына «Қолөнершілер қаласы» мәртебесінің ресми куәлігін табыстады. Бұл атақ Түркістанның халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін арттырып қана қоймай, қолөнершілерге жаңа нарықтар мен серіктестік байланыстарға жол ашады. Сонымен қатар, қалаға туристік ағынды көбейтуге және креативті индустрия саласын дамытуға тың серпін береді.
Түркістанның «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін алуы – ұлттық өнерді әлемге танытудың жарқын үлгісі және мәдени мұраны сақтауға бағытталған маңызды қадам.
