ТҮРКІСТАН: «ФАРАБ» КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖЫЛЖЫМАЛЫ ПУНКТІ ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАЛЫҚТА АШЫЛДЫ

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы оқырманға қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Соның нәтижесінде бүгін Оранғай елді мекеніндегі «Самғау» оңалту орталығында кезекті №7 жылжымалы кітапхана пункті ашылды.

Бұл бастама – мәдениет пен білімнің қоғамдағы рөлін күшейтуге, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың рухани дамуына жол ашатын игі іс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген сөзі – осы жобаның өзегіне айналғандай. Кітап оқу арқылы ой-өрісті кеңейтіп, жан дүниені байыту – қоғамды дамудың жаңа сатысына көтереді.

Ашылу салтанатында «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры Гүлнұр Сауртаева мен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Хантөреқызы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кітап сөресін көпшілікке таныстырды.

Лентаны қию рәсіміне орталықта ем алушылар Сатыбалды Байшуаков пен Райхан Амангелдиева қатысты.

– Кітапханамыздың сөрелерінде кітап қорының көбеюі – орталықта қызмет алушы жандар үшін үлкен қуаныш. Бұл олардың бос уақытын тиімді өткізіп, рухани байып, жаңа білім алуына мүмкіндік береді. Осындай әлеуметтік бастамалар қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыруға үлес қосады. «Фараб» кітапханасына алғысымыз шексіз, – деді мекеме директоры Гүлнұр Баялықызы.

Жаңа пункттің кітап қоры 300-ге жуық көркем, тарихи-танымдық, мотивациялық және әлем әдебиетінің үздік туындыларымен толықтырылған. Бұл кітаптар ерекше қажеттіліктері бар жандардың қызығушылығына сай таңдалып, олардың рухани және мәдени сұранысын қанағаттандыруды көздейді.

«Фараб» кітапханасының жылжымалы пункттері – тек кітап таратушы емес, рухани байланыс орнатушы көпір іспетті. Мұндай бастамалар арқылы қоғамда оқуға, ізденіске және білімге деген құштарлық арта түседі.

Жылжымалы кітапхана жүйесінің кеңеюі – Түркістанның мәдени өміріндегі маңызды бетбұрыс. Алдағы уақытта мұндай пункттерді өзге де әлеуметтік мекемелерде ашу жоспарланып отыр.