Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қалалық инфрақұрылымды заманауи стандарттарға сәйкестендіру бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде орталықтандырылған кәріз жүйесін дамыту – басым бағыттардың бірі болып отыр.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосылған. Бұл — инженерлік инфрақұрылымның кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді. Қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр.
Тұрғындарды кәріз жүйесіне қосу көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 13 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде: 8 жоба – абоненттік және магистральдық желілерді қамтиды, 5 жоба – тек магистральдық желілерді тартуға бағытталған.
Бұл жобалар толық іске асқанда, қала халқының едәуір бөлігі сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтылып, экологиялық ахуал да жақсара түспек. Түркістан қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Осындай ауқымды құрылыс жұмыстарына сай инженерлік-коммуникациялық жүйелердің де жаңартылып, кеңейтілуі – уақыт талабы.
Жобалар жүзеге асқанда, қаланың жалпы кәріз жүйесі жүктемесін азайтып, тұрмыстық қалдық суларды тиімді және экологиялық қауіпсіз түрде бұру мүмкіндігі артады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Түркістан қаласының тұрғындары толықтай заманауи орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосылады деп күтілуде.
Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және Түркістанның «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында тұрақты дамуына үлес қосады.
