2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы Түркістан облысының экономикасы тұрақты әрі серпінді даму жолында екенін айқын көрсетті. Өңір республика бойынша экономикалық өсім қарқыны жөнінен бірінші орынға шықты. Жалпы өсім деңгейі 120,4 пайызды құрап, Түркістан облысы ел экономикасының драйверлерінің біріне айналып отыр.
Бұл жетістік кездейсоқ емес. Тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларындағы тұрақты жұмыс нәтижесінде облыстың жалпы өндіріс көлемі мен халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мәселен, өнеркәсіп көлемі 593 млрд теңгеге жетіп, 14,8% өсім көрсетті. Ал ауыл шаруашылығы саласы 194,3 млрд теңге өнім өндіріп, 6,3% өсімге қол жеткізді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд теңге, сауда айналымы 269,7 млрд теңге болды. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы 306,1 мың шаршы метрді, көлік-логистика қызметі 209,3 млрд теңгені, ал байланыс саласы 4,9 млрд теңгені құрап отыр.
Бұл көрсеткіштер Түркістанның экономикасы нақты сектор есебінен дамып келе жатқанын білдіреді. Индустрия, агроөнеркәсіп пен құрылыс саласының өзара байланысы өңірдің тұрақты дамуының негізіне айналды.
Түркістан қаласының өзінде де айтарлықтай өзгерістер бар. Қаланың келбеті күн сайын жаңарып, инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асуда. 159 көшеде жол жөндеу жұмыстары жоспарланып, қазіргі таңда 41 көше толық жаңартылды. Қала халқы 100% ауыз сумен, 98% табиғи газбен, 36,5% кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Экономикалық әлеуеттің артуы – инвестициялық белсенділіктің де жоғары екенін көрсетеді. Биылдың өзінде Түркістан қаласында 490 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 159,5 млрд теңгені, өнеркәсіп көлемі 40 млрд теңгені, құрылыс саласы 299,3 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінде облыс аумағында 9 жоба арнайы экономикалық аймақ аясында және 23 жоба индустриялық аймақтарда іске асырылуда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей үлес қосуда.
Түркістанның даму бағыты тек экономикамен шектелмейді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту да басты назарда. Жыл соңына дейін 12 жаңа мектеп, заманауи емхана мен оңалту орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұл – өңірдің адам капиталына салынған инвестиция, яғни тұрақты дамудың басты тетігі.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы бүгінде еліміздің экономикалық өсімінің үлгісіне айналды. Инфрақұрылымдық жаңғыру, өндірістің дамуы мен инвестициялық белсенділіктің артуы өңірдің болашағын айқындап отыр. Түркістан – бүгінде тарих пен мәдениеттің ғана емес, экономикалық серпін мен тұрақты дамудың да символы.
