Түркістан облысында туризмді дамыту және туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осы бағытта М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолындағы бұрылыс айрығы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жол айрығы 2056 шақырымдағы «Самара–Шымкент–Орал–Ақтөбе–Қызылорда» бағытында орналасып, туристер мен жүк көліктерінің қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, тұрғындарды және сала мамандарын айтулы оқиғамен құттықтады. «Бүгін өңір үшін стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жоба – республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылыс жолының ашылуы жүзеге асырылды. Бұл жол туристік ағынды арттыруға, тарихи-мәдени нысандарға қолжетімділікті жеңілдетуге, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұрын туристер 30 шақырым айналма жол жүретін болса, енді сапалы және қысқа бағыт пайдалануға беріледі», – деді әкімнің бірінші орынбасары.
Жол айрығының құрылысы «Қыран» ЖШС мердігерлік компаниясы арқылы жүргізілді. Жобаның ұзындығы 1 955 метрді құрап, қолданыстағы жол жамылғысы фрезерленді, су өткізгіш құбырлар орнатылды, жол белгілері мен таңбалау жұмыстары, жарықтандыру және абаттандыру толық аяқталды.
Шымкент–Қызылорда жолы бойынша тәуліктік көлік қозғалысы қарқынды – 11 000 жеңіл автокөлік, 3 000 автобус және 8 000 жүк көліктері қатысады. Осы орайда инфрақұрылымды жаңарту және жол сапасын қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу өте маңызды.
Сауран археологиялық-сәулеттік кешеніне келушілер саны да жыл сайын артып келеді. 2024 жылы туристер саны 2 683 адам болса, 2025 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 9 925 адамға жетті. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралы бойынан Сауранға бұрылыс жолын ашу жобасы іске асырылып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы жол сапасын тұрақты бақылап, туристік бағыттардың дамуын қамтамасыз етуде. Жобаның іске қосылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризмнен түсетін кірісті арттыруға, жергілікті бизнес субъектілерін қолдауға және туристер үшін жайлы жағдай жасауға елеулі үлес қосады.
Жаңа бұрылыс жолы – Түркістан облысының туристік инфрақұрылымын жаңарту, тарихи орындарға қолжетімділікті жеңілдету және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жасалған стратегиялық маңызды жоба болып отыр.

