Түркістан облысы халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар өңірдің барлық ауданында қарқын алып келеді. Соның айқын дәлелі – Сауран ауданындағы Ескі Иқан елді мекеніне дейін магистральді су құбырының құрылысы. Бұл жоба – өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. 2024 жылы бастау алған құрылыс биыл толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Нысанның тапсырыс берушісі – Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Аталған жоба аяқталғанда Ескі Иқан және оған жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары таза, үздіксіз әрі сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Жобаның техникалық параметрлеріне тоқталсақ, су құбырының жалпы ұзындығы 45 898 метрді құрайды. Құрылғының есептік өнімділігі тәулігіне 3135,3 текше метр болса, сағатына 188,23 текше метр немесе 42,29 литр/секунд көлемінде су өткізуге қауқарлы. Қондырғының қуаттылығы шамамен 60 кВт шамасында. Бұл көрсеткіштер ауыл халқын толық қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар жоспарға сай қарқынмен жүруде. Мердігер ұйым инженерлік желілерді тарту және қосымша инфрақұрылым элементтерін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық жұмыс кезеңдері сапа талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, Түркістан облысында соңғы жылдары ауыз сумен қамту саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңір халқының басым бөлігі сапалы ауыз сумен қамтылды. Ал Сауран ауданындағы бұл нысан іске қосылған соң, аудандағы ауыз су көрсеткіші едәуір жақсарып, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі жаңа сатыға көтеріледі деп күтілуде. Сапалы ауыз су — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі. Сондықтан да мұндай жобалардың табысты жүзеге асуы – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды қадам.
