ТҮРКІСТАН – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТОҚЫМА ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

Түркістан облысы өзінің табиғи және экономикалық әлеуеті арқылы шетелдік инвесторлар назарын аударып келеді. Өңірдің басты артықшылығы – оның стратегиялық орналасуы мен дамуға қолайлы инфрақұрылымы. Облыс арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аймақтың жаһандық нарықтармен байланысын нығайтады.

Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Түркістанда интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру жобасы қолға алынуда. Бұл бастама өңірдің экономикалық картасында жаңа бағыт ашпақ.

Инвесторлармен өткен кездесуде облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 144,5 мың гектарда мақта егілуде, ал жыл соңына дейін 470 мың тонна шитті мақта жиналады деп күтілуде. Мақта шаруашылығы – аймақтың экономикалық өзегіне айналып, жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін берік негіз қалыптастырып отыр.

– Елімізде шикізат жеткілікті болғанымен, дайын өнім өндірісінде импортқа тәуелдіміз. Сондықтан жіп, мата, киім-кешек шығаратын кәсіпорындарды дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Инвесторларға барлық жағдай жасалған: салықтық жеңілдіктер, кедендік артықшылықтар және толық инфрақұрылым дайын, – деді облыс басшысы.

Инвесторлар жобаны кең көлемде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Парк құрамында мата және дайын өнім цехтары, логистикалық және қойма кешендері, сауда-көрме орталықтары, сондай-ақ оқыту және инновациялық платформалар болады.

Жоба іске қосылғаннан кейін 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің жалпы өнім көлемі едәуір ұлғаймақ. Бұл Түркістанды Орталық Азиядағы тоқыма кластерінің ірі орталығына айналдыруға жол ашады.

Бүгінде аймақтағы «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды парктер инвесторларға толық қолдау көрсетіп, жаңа өндірістердің дамуына негіз болуда.

Интеграцияланған экожүйелік парк – Түркістанның индустриялық келбетін түбегейлі өзгертетін, аймақты экспорттық өндіріс орталығына айналдыратын маңызды жоба болмақ.