Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған шешім өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, аймақтың әлеуетін айқын арттырды. Сол кезеңнен бері Түркістан өңірі қарқынды даму жолына түсті. Жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы жеті жылда 2,6 есеге өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Салыстыру үшін, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн теңге болған. Өңірдің өнеркәсіп өнімінің көлемі де айтарлықтай артты — 2018 жылдан бері 2,7 есеге өсіп, 1214 млрд теңгеге жетті. Бұл өсімге металлургия, тамақ және машина жасау, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдары мен мұнай өнімдерін өңдеу салаларындағы жетістіктер әсер еткен. Қазір облыс аумағында 405 белсенді кәсіпорын жұмыс істейді, онда 36 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі бойынша жалпы құны 51,6 млрд теңге болатын 13 жаңа жоба іске қосылады. Бұл бастамалар 1600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2018–2024 жылдар аралығында Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 56 млрд теңгенің 37 жобасы жүзеге асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2025–2031 жылдары жалпы құны 629,4 млрд теңгені құрайтын 12 ірі жоба қолға алынады. Бұл жобалар нәтижесінде 3916 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін күшейту бағытында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – «ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясының бастамасымен Созақ ауданында күкірт қышқылы зауытын салу жобасы. Инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын бұл зауыт 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, елдің уран өндіру саласына маңызды үлес қоспақ. Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және заманауи кәсіпорындарды дамыту – өңір экономикасының басты басымдықтарының бірі. Алдағы жылдары қолға алынатын ірі жобалар жергілікті экономиканың дамуына тың серпін беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Түркістан — бүгінде өсу мен өрлеудің, жаңару мен жаңғырудың символына айналған аймақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
