ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ТІРЕГІ

Түркістан облысында соңғы жылдары құрылыс және инвестициялық даму саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 2025 жылы өңірде 180 нысанның құрылысы қолға алынып, олардың ішінде 52 жаңа жоба және 128 өтпелі нысан жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіш облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің өсуін, құрылыс индустриясының тұрақты дамуын және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптасқанын айқын көрсетеді.Биылғы жылы облыс аумағында 2 әкімшілік ғимарат, 17 білім нысаны, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 жаңа оқу орнының, 4 денсаулық сақтау, 19 мәдениет және 26 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы бағытында – 4, инженерлік инфрақұрылым саласында – 54, «Тұран» арнайы экономикалық аймағында – 4, тұрғын үй саласында – 32 нысанның құрылысы қарқын алған. Жыл қорытындысымен 104 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 76 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда 68 нысанның жұмысы толық аяқталып, ел игілігіне берілген. Бұл – өңірдің құрылыс саласында нақты нәтижелер бар екенін көрсетеді.Түркістан облысы тұрғындарын сапалы баспанамен қамтамасыз ету – өңір басшылығының басты басымдығының бірі. Биыл жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын 2138 пәтерлі 30 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Төлеби және Жетісай аудандарында 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Облыс аумағында 578 арендалық пәтер сатып алу жоспарланып, оның 180-і қазіргі таңда сатып алынған. Қалған 398 пәтер жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылмақ. Сондай-ақ 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделіп, қазіргі уақытта 1720 пәтер бойынша келісімшарттар түзіліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір халқының тұрғын үйге қолжетімділігін арттырып қана қоймай, құрылыс нарығындағы кәсіпорындарға жаңа серпін беруде.Инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер экономиканың қозғаушы күші ретінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын айқындайды. Биыл Түркістан облысында 29 инфрақұрылымдық нысанды пайдалануға беру жоспарланып, қазіргі таңда оның 11-і іске қосылды. Қалған 18 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.Бұл бағыттағы жобалар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға, жаңа өндірістік алаңдарды іске қосуға және облыстың арнайы экономикалық аймақтарында инфрақұрылымдық база қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Түркістандағы «TURKISTAN» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы бүгінде инвесторлар үшін тиімді алаңға айналып отыр. Мұнда инженерлік желілер тартылып, жол, су және энергиямен қамту мәселелері жүйелі шешілуде.Құрылыс саласындағы бұл көрсеткіштер өңір экономикасына тікелей мультипликативті әсер етуде. Әрбір жаңа нысан – жұмыс орындары, жергілікті бюджетке түсетін салықтар және шағын және орта бизнеске қосымша серпін. Инвестициялық жобалардың көпшілігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыруда. Түркістан облысының басшылығы инвестиция тарту, инфрақұрылымдық жобаларды дамыту және өңірдің сәулеттік келбетін жақсарту бағытында нақты шаралар қабылдап келеді. Нәтижесінде, облыс соңғы жылдары инвестиция көлемі мен экономикалық өсім бойынша республикада көшбасшы өңірлердің қатарына енді.