ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШ БАСТАП, ЕКІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

Түркістан облысының әкімдігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен аудан, қала әкімдіктері және басқармалар қызметінің тиімділігіне арналған алқа мәжілісі өтті. Басқосуда тоғыз айдың қорытындысы сараланып, негізгі индикаторлардың орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиында бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жоспарды толық орындай алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына сын-ескертпе айтты.

– Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасында тұрақты өсім байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде екінші орында тұр. Мемлекет басшысы қойған экономикалық өсімді 7%-ға жеткізу тапсырмасы толығымен орындалып, облыс Үкімет бекіткен межеге жетті. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 855,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 101,5% деңгейінде тіркелді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 трлн теңге болып, 13,5%-ға артқан. Ал құрылыс саласындағы жұмыстар 412 млрд теңгені құрап, 25,5%-ға өсті. Сауда мен байланыс саласында да оң динамика сақталған. Алайда кейбір аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар өздеріне жүктелген индикаторларды толық орындай алмай отыр. Бұл өңірдің жалпы даму қарқынына кері әсер ететінін айтқан аймақ басшысы:

– Бізге тек «тапсырманы орындаймыз» деген уәде емес, мәселені шешудің нақты жолдары қажет. Жыл қорытындысымен төмен нәтиже көрсеткен әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы жеке сараланып, басшыларына қатысты тиісті шешім қабылданады, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков баяндамасында аудан-қалалар мен басқармалар қызметі тиімділігін бағалауға арналған 9 блок пен 97 индикатордың орындалу деңгейіне тоқталды. Сонымен қатар, басқармалардың ұсынысы негізінде қосымша 8 жаңа индикатор енгізілген. Жалпы есеп бойынша биылғы 9 айда жоспарланған 87 көрсеткіштің нәтижесі нақтыланып, аудан-қала әкімдерінің рейтингі жасалды. Рейтинг нәтижесі бойынша үздік үштікке Төлеби ауданы, Түркістан қаласы және Жетісай ауданы енді. Аутсайдерлер қатарында Мақтаарал, Бәйдібек және Келес аудандары бар. Алты аймен салыстырғанда Төлеби, Жетісай және Сарыағаш аудандары өз көрсеткіштерін едәуір жақсартқан. Басқармалар арасында Ветеринария басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, сондай-ақ Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы жоғары нәтиже көрсеткен құрылымдар қатарында аталды.