ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МЕН ҰЛТТЫҚ ЭКСПОРТТЫ ҚОЛДАУДЫҢ НЕГІЗІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту мен ұлттық экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі – Отырар ауданындағы Қарғалы ауылында жүзеге асқан тың жоба. Мұнда алғаш рет күріш пен мақта алқаптарына тамшылатып суару әдісі енгізіліп, аймақтың су тапшылығы мәселесін шешуге және өнімділікті арттыруға нақты қадам жасалды. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданында жұмыс сапарымен болып, «Таймас-2024» ЖШС-нің егістік алқаптарының жұмысымен танысты. Әкім инвесторлармен және алқап иелерімен кездесіп, егіс науқанын тиімді ұйымдастыруды және инновациялық технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы экономиканың аграрлық секторында жаңа бастамаларды қолдауға әрдайым дайын екенін атап өтті. 2 млрд теңгелік инвестициялық жоба аясында 5 мың гектар жер игерілуде. Оның ішінде: 2300 гектарға мақта, 500 гектарға күріш, 200 гектарға пісте дақылы егілген. Жоба толықтай инвестор қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Бұл – жеке инвестицияларды тарту арқылы өңір экономикасын көтерудің жарқын мысалы. Егістік жұмыстарын жүргізу үшін 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, ал 25 маусымдық жұмыс орны ашылған.Су үнемдеу әдісінің нәтижесінде әр гектардан 50 центнерге дейін күріш алу жоспарланып отыр. Ең бастысы – бұл технология суды бірнеше есе үнемдеп, экологиялық тұрақтылық пен өндірістің тиімділігін арттыруға жол ашуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Биыл өңірде су үнемдеу технологиялары 59 мың гектар алқапқа енгізілді. Бұл жоспарланған көлемнен екі еседен астам артық. Ал 2028 жылға дейін жыл сайын 50 мың гектарға дейін жаңа технология енгізу көзделуде. Бұл бастама Түркістан облысының экономикалық өсімін қамтамасыз етумен қатар, отандық экспорттаушыларға мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі болып отыр. Су үнемдеу жүйесі арқылы өндірілген жоғары сапалы мақта мен күріш өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа шығару әлеуетін арттырады. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық табысын көбейтіп, ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Қорытындылай келе, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу – бұл тек экологиялық бастама емес, ол экономикалық тиімділіктің, инновациялық дамудың және ұлттық экспортты қолдаудың қуатты құралына айналып отыр. Отырардағы жаңа жоба — ауыл шаруашылығын жаңғыртудың, инвестиция тартудың және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үлгісі.