Түркістан облысы экономикасының дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – шетелдік әріптестік пен инвестициялық байланысты кеңейту. Осы мақсатта Сауран ауданының делегациясы Қытай Халық Республикасының Сауан қаласына ресми іс-сапармен барып, өндірістік кәсіпорындар мен инновациялық нысандардың жұмысымен танысты.
Іс-сапар Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып, оның басты мақсаты – өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуда тәжірибе алмасу, экономикалық байланыстарды нығайту және екі өңір арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру болды. Сапар барысында делегация мүшелері Сауан қаласындағы ірі өндіріс орындары мен зауыттарды аралады. Алдымен «Шыңжан Хұң Хы» зерделі ауыл шаруашылық машина жасау компаниясында заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының құрастыру және автоматтандыру үдерісімен танысты. Бұл бағыт Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығын цифрландыру және техникалық жаңғырту тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Шыңжан Шин Жиа Хы» ауыл шаруашылығын дамыту компаниясында агротехникалық инновациялар мен өнім өндірудің тиімді тәсілдері таныстырылды. Делегация өкілдері мұндағы жаңа технологияларды өңірдің агросекторына енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Келесі нысан — «Шыңжан Тиян Му Ху» кілем фабрикасы, мұнда делегация ұлттық нақыштағы кілем бұйымдарын өңдеу, экспортқа шығару және өндірістік желіні автоматтандыру тәжірибесін көрді. Бұл Түркістандағы кілем және тоқыма өнеркәсібін дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашуы ықтимал.
Сонымен қатар делегация «Шыңжан Шиң Тай Чиан Уи» ғылым-техника компаниясында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында ғылыми инновацияларды қолдану тәсілдерімен танысты. Бұл бағыт өңірдегі индустриялық-инновациялық дамуға тың серпін бермек.
Сапар барысында Сауран өкілдері «Сауан Тай Хун» май өнімдері компаниясында, «Сауан Гай Руй» сүт өндіру зауытында, «Сауан Шың Зы» мал шаруашылығы ғылыми орталығында және Анжихай қызыл бұрыш қоймалжыңы зауытында болып, өндіріс технологиялары мен экспорттық бағыттағы жұмыстармен танысты. Делегация аграрлық өнімдерді өңдеу, сақтау және сыртқы нарыққа шығару тәжірибесін зерттеді. Сонымен бірге Дачуан ауылындағы «Шау Фаң Жуанзы» қыстағы Шуаң Чуан ауыл шаруашылығы кооперативінде ауылдық кооперативтердің жұмыс үлгісі мен өнім өткізу тәсілдері талқыланды. Бұл Түркістан облысында фермерлерді біріктіру және ауыл экономикасын кооперация арқылы дамыту ісіне үлгі бола алады.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сапар қорытындысында екіжақты әріптестіктің аймақ дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті. «Қытаймен өндіріс, ауыл шаруашылығы және инновация салаларында байланыс орнату – Сауран мен жалпы Түркістан облысы экономикасының өркендеуіне үлкен мүмкіндік береді», – деді аудан басшысы. Сапар аясында Сауран ауданы мен Сауан қаласы арасында экономикалық, мәдени және инвестициялық серіктестікті дамыту жөніндегі жаңа келісімдерге қол жеткізу жоспарлануда.
