ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒУДА

Түркістан облысы халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейтіп, шет мемлекеттермен өзара тиімді әріптестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Осы мақсатта өңірден бірқатар делегациялар шет елдерге іссапар ұйымдастырып, тәжірибе алмасып келеді. Солардың бірі – Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бастаған түркістандық делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары. Делегация мүшелері Таншань қаласында болып, бірқатар өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сапар барысында түркістандық делегация «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясының қызметімен танысты. Бұл кәсіпорын мал сүйектерін өңдеу арқылы май және желатин компоненттерін өндіретін, экологиялық тұрғыдан тиімді технология қолданатын өндіріс орны. Мұндай бағыт Түркістан облысы үшін де жаңа технологиялар трансферті мен агроөнеркәсіп саласында қосымша мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ делегация «Chenlong» компаниясында болып, жасанды интеллект негізінде басқарылатын дрондар өндірісімен және авто-мектептің заманауи оқу жүйесімен танысты. Мұнда қолданылып жатқан инновациялық шешімдер цифрлық даму мен білім беру саласындағы өзара тәжірибе алмасуға жол ашады. Бұдан бөлек, «Tangan» компаниясының машина жасау өндірісін аралап, төтенше жағдайларға арналған заманауи жабдықтар шығару орталығының жұмысымен танысу да сапардың маңызды бөлігі болды. Бұл орталық жыл сайын 60 мыңнан астам түрлі техника мен құрылғылар шығарып, Қытайдың индустриалды қуатын айқын көрсетіп отыр. Сапар барысында делегация қалдықтарды өртеу арқылы электр қуатын өндіретін зауыттың қызметін де көрді. Энергияның баламалы көздерін тиімді пайдалану — экологиялық тұрақтылық пен экономикалық тиімділікті қатар қамтамасыз ететін сала. Бұл тәжірибе Түркістан облысында «жасыл экономика» қағидатын ілгерілетуге үлгі болары сөзсіз. Айта кетейік, бұған дейін «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясы мен Ордабасы ауданы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Келісім аясында аудан әкімдігі тарапынан өндіріс алаңы үшін жер телімі бөлініп, инженерлік инфрақұрылым тарту және жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда кәсіпорынның құрылысы басталып, жобаны іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Бұл серіктестік тек Ордабасы ауданы үшін ғана емес, бүкіл Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелдік капитал мен жаңа технологияны өңір экономикасына тартуға мүмкіндік береді. Қытай еліне жасалған бұл жұмыс сапары — Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын тереңдетіп, экономикалық және технологиялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған нақты қадам. Мұндай іссапарлар арқылы өңірдің өндірістік әлеуеті артып, жаңа инвестициялық жобалар мен экспорттық бағыттар айқындалуда. Түркістан облысы бүгінде шетелдік инвесторлар үшін сенімді серіктеске айналып келеді. Индустрия, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм бағыттарындағы бірлескен жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуде.