ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ИНВЕСТИЦИЯ АҒЫНЫ АРТТЫ

Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде инвестиция тарту мен индустриялық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалармен толық үндеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде өңдеу өнеркәсібін, шағын және орта бизнесті қолдау – тұрақты экономикалық өсімнің басты кепілі екенін атап өткен болатын.

Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Түркістан облысында бүгінде жалпы аумағы 2397 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отырған маңызды қадам.

Қазіргі таңда осы индустриалды аймақтарда жалпы құны 39,5 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба сәтті іске қосылды. Нәтижесінде 2609 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл – аймақ халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, табыс көзін арттыруға айтарлықтай үлес қосқан көрсеткіш.

Аталған жобалар негізінен құрылыс материалдары, металл өңдеу, машина жасау, пластмасса, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтиды. Бұл бағыттардың таңдалуы да кездейсоқ емес – аталған секторлар өңірдің табиғи, өндірістік және еңбек ресурстарымен тығыз байланысты.

Жоспар бойынша алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд теңгеге 48 жаңа жоба іске асырылып, тағы 3812 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл өз кезегінде облыстың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, өңірлік ішкі өнім көлемінің өсуіне тікелей әсер етеді.

Индустриалды аймақтардың тиімді жұмыс істеуі үшін инженерлік және инфрақұрылымдық жүйелерді толық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Себебі жол, электр, су және газ жүйесі толық дайын болмаған жағдайда, өндіріс қарқыны баяулайды. Осыған орай, облыс әкімдігі тарапынан әр аймақтағы инфрақұрылым құрылысы мен коммуникация тарту жұмыстары тұрақты бақылауда.

Түркістан облысы әкімдігі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыруда. Құжат рәсімдеу процестерін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді азайту, жер телімін беру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері бір терезе қағидаты бойынша шешілуде.

Бүгінгі таңда Түркістан өңірі – тек аграрлық аймақ емес, сонымен қатар өндіріс пен инновацияның жаңа орталығына айналып келеді. Индустриалды аймақтар арқылы іске асқан жобалар облыстың экономикалық әлеуетін күшейтіп, мыңдаған азаматқа тұрақты жұмыс беріп отыр.