ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ КҮШЕЙТУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен ресми кездесу өткізіп, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Басқосу барысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, нақты өндірістік жобаларды іске асыру және ұзақ мерзімді серіктестік орнату мәселелері кеңінен қаралды.

Кездесу барысында облыс басшысы Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетіне жан-жақты тоқталды. Өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері, дамып келе жатқан инженерлік инфрақұрылымы және мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдау шаралары таныстырылды. Сонымен қатар индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері, салықтық және әкімшілік жеңілдіктер, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезеңінде әкімдік тарапынан көрсетілетін толық сүйемелдеу тетіктері баяндалды.

Нұралхан Көшеров инвестициялық ахуалды жақсарту облыс дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты нәтижеге айналдырудың маңыздылығын жеткізді. Оның айтуынша, өңір үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын құру және өңдеу өнеркәсібін дамыту аса маңызды.

Өз кезегінде қытайлық инвестор Түркістан облысында бірқатар бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Тараптар алдағы кезеңде өзара ынтымақтастықты нақты жобалармен нығайтып, инвестициялық бастамаларды іске асыру жөнінде келісімге келді.

Аталған кездесу Түркістан облысының шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі сенімді серіктес екенін тағы бір мәрте айқындап, өңір экономикасына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетті.